Ұлы даладағы хандықтарды қазаққа ешкім орнатып берген жоқ- Мырзатай Жолдасбеков

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы неліктен тарихқа ден қойып, ұлттың өткенін саралайды? «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының түркі әлеміндегі орыны қандай? Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков осы сауалдар төңірегінде жауап бере келе, Ұлы даланың ұлы тұлғаларын ұлықтау керектігін айтты деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы, өздеріңіз білетіндей, Елбасы қазақ тарихына бұрыннан мойын бұрған еді. Әсіресе, оған терең келген кезі - көрші мемлекеттің басшысы «Қазақта мемлекет болмаған, тарих болмаған» деген сөзді айтып жатқан кезде біз Қазақ хандығының 550 жылдығына дайындалып жаттық. Нақты осы 550 жылдық өте ме, өтпей ме деп уайымдап жүрген кезде Елбасы қасиетті Ұлытаудың етегінде Мыңбұлақтың басында қазақпен сырласып, теледидарға сұхбат берген еді. Сонда талай нәрсенің басы ашылды. Сол жолы Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау туралы шешім қабылданды», - дейді Мырзатай Жолдасбеков Ұлттық кітапханада өткен жиында.

Мемлекет және қоғам қайраткері сол жолы Елбасы «Қазақтың ешкімнен ұялмайтын тарихы бар» деген сөзді айтқанын еске алды.

«Ұлы далада жеті түгілі жетпіс қыры болуы мүмкін. Бірақ, Мемлекет басшысы ең негізгі деген жеті қырын алып отыр. Шынтуайтына келгенде Ұлы далада орын алған дүние жүзі білетін мемлекеттердің, мәселен Үйсін мемлекеті, Қаңлы мемлекеті, Сақ пен Ғұн мемлекеттері, Түрік қағанаты, Дешті Қыпшақ, Алтын Орда және Қазақ хандығының бәрі Ұлы далада орнаған мемлекеттер. Ол хандықтарды шеттен келіп ешкім орнатып берген жоқ. Қазақ даласындағы қасиетті ескерткіштердің бәрін де орнатқан біздің бабаларымыз. Біздің бабаларымыз ешкімнен кем болмаған. Алтын тақта, алтын сарайда отырған, алтыннан киінген. Мұндай тарихи дүние жүзінде жоқ», - дейді қоғам қайраткері.

Мырзатай Жолдасбеков өз сөзінде қазақ халқы бодандық езгінің салдарынан бәрінен де айырыла жаздағанын тілге тиек етті.

«Барымыздан, қасиетімізден, ұлттық жадымыз бен тарихымыздан айырыла жаздадық. Бодан болған уақытта бізді ақымақ деп есептеді. Бірақ, шындығына келгендер әлемдік мәдениеттерді жасаған - осы Ұлы даланы мекендеген халықтар. Мақаланың ішінде бәріміздің көкейімізден шыққан тараулар өте көп. Солардың бірі - Қазақстан Түркі әлемінің алтын бесігі дейді. Шығыс Қазақстанда осы жылы «Алтай - Түркі әлемінің алтын бесігі» атты конференция өтті. Сол шарада «Халықты ояту үшін тарихты ояту» керек деген менің сөзім жазылған екен. Біздің Елбасымыз осыны қолға алып жатыр», - дейді Мырзатай Жолдасбеков.

Мырзатай Жолдасбеков сөзін жалғастыра келе қазақ тарихындағы тұлғаларға ерекше мән беру керектігін айтты.

«Ұлы есімдерді ұлықтағымыз келсе, менің ойымша, Қорқыттың рухын жаңғыртуымыз керек. Арыстанбек (Мұхамедиұлына қарата - авт.), Қорқыт осы жерде туған, Қорқыт осы жерде жатыр. Бүкіл өнерін осы қазақ даласында - Ұлы далаға төккен адам. Көсем де жырау да болған адам. Біз Қорқыттай бабамен мақтана білуіміз керек. Қорқыт - түркі халықтарының бабасы. Құдай қаласа, Қорқыттың басына бүкіл президенттерді жинап, түнетіп, мейманханасын жөндеп қойса болар еді. Түркістанда үлкен той жасап, жылына бір рет наурызда жиын жасап отырсақ, түркі баласының басы бір болады. Осындай мақала жазған, халқының қамын ойлаған Елбасына бүкіл халықтың атынан, біз секілді ағалардың атынан мың алғыс», - деді Мырзатай Жолдасбеков.

Соңғы жаңалықтар