Ұлы дала жорығы: Үздіктер анықталды

None
ТҮРКІСТАН.ҚазАқпарат- Астанадан бастау алған «Ұлы дала жорығы» республикалық марафоны Түркістан қаласында қорытындыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елімізде алғаш рет ұйымдастырылған «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі мәреге жетті. 12 күн бұрын Астана қаласында бастау алған аламан барысында шабандоздар 1200 шақырымды бағындырды. Сайыстың соңғы күнінде 4 команда ғана жарыс жолын жалғастырып Түркістанға жетті. Олар – Түркістан, Маңғыстау, Жетісу және Жамбыл облыстарының шабандоздары.

Ұлттық спортты ұлықтаған марафонға қатысушыларды жанкүйерлер қауымы ыстық ықыласпен қарсы алды.

Шабандоздарға Түркістан өңіріндегі ат спортының жанкүйерлері қолдау көрсетіп, әрбіріне алғыстарын білдірді.

«Ұлы дала жорығы» марафон бәйгесін ұйымдастырушыларының бірі Арман Абдоллаевтың айтуынша, бұл бәйгеде қазақ жылқыларының мәртебесі асқақтай түскен.

«Биыл тұңғыш рет өтіп отырған бұл бәйгенің баламасы әлемде жоқ деуге болады. Жарысты ұйымдастырар барысында біз жан-жақты зерттеп көрдік. 1200 шақырымды әрі бірнеше өңірді қамтитын көшпелі бәйге әлемде жоқ. Тағы бір айта кетерлігі, осы бәйгені қадағалап, зерттеп жүрген мамандар қазақ тұлпарларының шыдамдылығына таңғалып отыр. Біздің мақсат та – ұлттық спортты ұлықтау, қазақты ат спортына қызықтыру әрі ұлы даламыздың тұлпарларын дәріптеу. Бірнеше облысты басып өтіп, үлкен қиындықтарды жеңе білген әрбір шабандоз құрметке лайық. Түркістан облысы тұрғындарына алғысымыз мол. Созақ даласында қошеметпен қарсы алып, шабандоздарға жігер берді. Осы марафонда ең көп жанкүйер Түркістан облысында жиналды. Бұл – өңірде ұлттық спорт жанашырларының көптігінің белгісі», – деді ол.

Марафонға қатысушыларға түркілердің киелі жерлері – Жошы хан, Алаша хан кесенелері, сондай-ақ Қазақ хандығының алғашқы астанасы Созақ қаласы пен түркі руханиятының бесігі Түркістан қаласы сияқты тарихи орындарға, Әзірет-Сұлтан кесенесіне зиярат жасады.

Жеңімпаздарды марапаттау Түркістан төрінде жалғасты.

Салтанатты шарада сөз алған ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев үздіктер мен жанкүйерлерді құттықтап, іс шараның маңыздылығына тоқталып өтті.

«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов дала дәстүрі мен ұлы көшпенділер мәдениеті қайта жаңғырғанына тоқталса, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды теңдіссіз жоба қазақ руханияты мен спортын жоғары деңгейге көтергенін жеткізді. «The Great Steppe tour» қоғамдық қорының төрағасы Әлібек Әлденей марафонды халықаралық деңгейде өткізу керектігін айтты.

12 күнге созылған «Ұлы дала жорығы» республикалық марафонының нәтижесінде бірінші орын иегері атанған Маңғыстау өңірінің «Көкмайнақ» командасына Дәурен Абаев пен Асхат Оралов сертификат пен медальді тарту етті. Бәйгенің жеңімпаздарына 24 млн. теңге көлемінде жүлде табысталды.

Ал, екінші орынды Жетісу облысының «Жетісу» командасы жеңіп алып, 12 млн. теңгені иеленді.

Ат бәйгесінің қорытындысына сәйкес, үшінші орынды Түркістан облысының «Теріскей» командасы қол жеткізді. Олар 9 млн. теңге сыйақыны қанжығаларына байлады.

Төртінші орыннан көрінген жамбылдықтар да қаржылай сыйлыққа ие болды.

Іс-шара барысында біршама шабандоздарға арнайы марапат табысталды.

Аламан-бәйгенің жабылу салтанаты концерттік бағдарламамен ұласты.

Айта кетейік, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және «The Great Steppe tour» қоғамдық қорының бастамасымен, «AMANAT» партиясының қолдауымен 18-қыркүйек күні Астана қаласында «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі басталған болатын.

Іс шараның ашылу салтанатында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың аламаншыларды құттықтау хатын оқып берген еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жасаған жұмыс сапарында және марафон-бәйгенің ашылу рәсімінде жолдаған құттықтау хатында бұл шараның маңыздылығына атап өтіп, ұлттық спортты жаңғырту арқылы рухани серпіліс әкелу басты мақсат екенін жеткізген болатын.








Соңғы жаңалықтар