«Ұлы дала жорығы» шабандоздары 1000 шақырымдық межені бағындырды

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат- Бүгін - «Ұлы Дала Жорығы» марафон-бәйгесінің 10-шы күні. Шабандоздар жалпы 1000 шақырымдық межені бағындырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шабандоздар Созақ ауданы, Қаратау ауыл округі, Сарыжаз елді мекеніне ат басын тіреді. Енді ат аяғын суытып, таңертең қайта жолға шығады. Бүгінгі жарыста алғаш болып мәреге Түркістан облысының шабандоздары жетті. Ақтөбе облысы мен Маңғыстау облысы екінші, үшінші болып мәре сызығын қиды. Төртінші болып Қызылорда облысы келді. Қалған 4 командар жарыс жолында.

Түркістан облысы командасының жетекшісі Алмат Айтжан дүбірлі доданың маңызы, сайыстағы нәтижелері туралы айтып өтті.


«Елордамыз Астанадан бастау алған марафон-бәйгенің соңына да таяп қалдық. Тұлпарлар туған жердің топырағына аяқ артқан соң жылдамдығын да үдетіп келеді. Кеше марафон-бәйгенің 9-шы күні 1-ші келдік. Міне, бүгінгі жарыс күні де алғаш болып мәре сызығын қидық. Жалпы есепте командалық жағдайымызды жақсарып келеді. Бұл жердің сай-қыры, атқа да шабандозға да таныс. Сондықтан нәтиже де артып келеді», - дейді атбегі.

Жарыстың белсенді көрермені, Қаратау ауыл округінің тұрғыны Елмұрат Керімхан түркістандық шабандоздарға сәттілік тілеп, ізгі лебізін білдірді.

«Марафон-бәйге басталды дегелі екі көзіміз төрт болып, шабандоздарды күтіп жүрміз. Жерлестерімізге жанкүйерлік етіп, солардың тілеуін тілеп отырмыз. Кеше де Тайқоңыр елді мекенінде оларды күтіп алғанбыз. Бүгін де арнайы келдік», - дейді спорт жанашыры.

Айта кетсек, жарыс жолындағы 8 команда бүгін осында тынығады. Ертең Шолаққоран ауыл округі, Абай елді мекеніне қарай 100 шақырымдық жарыс жолына шығады.


Соңғы жаңалықтар