Ұлы дала жорығы: мұндай аламанды 20 жыл күттік - шабандоздар

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Ұлы дала жорығы» республикалық бәйге марафонының үшінші кезеңінде шабандоздар 300 шақырым межені жүріп өтті. Марфоншылар үшінші күні Қарағанды облысы Шұбаркөл ауылдық округінде аялдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Үшінші күнді аяқтап, барлық қатысушылар қонуға келіп жатыр. Жарыстан бөлек сахна сыртында қаншама жұмыс бар. Ұйымдастыру жұмыстарына 35 техника тартылды. Асханада 15 аспаз жұмыс істейді. Одан бөлек, 15 ұйымдастырушы, 30 жұмысшы бар. Олар 200 адамға арналған шатырды әр 100 шақырым сайын құрып, шағын ауыл қондырады. Ас-су ішіп, аялдайтын шатырды әр 50 шақырым сайын құрып, қайта жинап кезектестіріп отырады. Алғашқы күндері білінбегенімен, жолдың қиындығына байланысты үшінші кезең қиынға соқты. Жолға асфальт төселген болса, шатырлар мен құрал-жабдықты, азық-түлікті тиеген көліктерге жылдамырақ қозғалуға болар еді. Осы шатырлы қалашық орналасатын жерді алдын ала тегістеп, жарықтандыруға көмектесіп жатқан жергілікті азаматтарға ерекше алғыс білдіремін», - деді «The Great Steppe Tour» ұйымдастыру алқасының мүшесі Ғани Дүйшенов.

Ол сапар кезіндегі негізгі қиындық ретінде жолдың алыстығы мен техникалардың сынуы, сондай-ақ ауыз су мен жанар май мәселесі бірінші орында тұрғанын атап өтті.

«Алдағы уақытта кем-кетігін ескереміз деген ойдамыз. Қазір қолда бар жеке қаражатпен осынша ауқымды жұмысты ұйымдастырып отырмыз. Түркістан қаласына дейін жетеміз деген сенім бар. Оңай емес, бірақ алған беттен таймаймыз. Осынша алыс қашықтыққа тәуекел еткен шабандоздарға сабыр, шыдам керек. «Ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімес» деген. Жігіттермен қатар қыздар да еріп келеді. Күнде кешкісін жиналыс өткізіп, келер күннің жоспарын құрамыз», - дейді Ғ. Дүйшенов.

Айтуынша, шатырда қызмет көрсетіп жүрген жұмысшылар таңғы 5-те дайындық жұмыстарына кірісіп, түн жарымына дейін тоқтаусыз жұмыс істейді.

«Ұйымдастырушылар мен жұмысшылар күніне 3-4 сағат қана демалады. Қалған уақытта үздіксіз жұмыс, яғни марафонға қатысушыларға жағдай жасау, жарысты жоғары деңгейде өткізу – негізгі міндет», - деп қосты ол.

Үш күн бойғы тоқтаусыз жүрістен жолсоқты болып шаршаған марафоншыларды Шұбаркөл ауылының іргесінде орын тепкен көшпелі шатырлы қалашық күтіп алды. Қарағанды қаласының солтүстік-батысында 160 шақырым жерде орналасқан кішкентай ауыл Үлкен Құндызды өзені сағасына орын тепкен.

Сонымен, Баршыннан шыққан 14 команданың арасында Маңғыстау командасы 27 сағат 19 минутта алғашқы болып жетсе, ізін ала Шымкент командасы белгіленген межені 27 сағат 40 минутта басып өтті. Үшінші болып келе жатқан Ақтөбе шабандоздарының үш күндік көрсеткіші – 27 сағат 49 минут. Қарағанды облысының командасы жүйріктерінің болдырып қалуына байланысты жарыстан шығып қалды.

Айта кету керек, додадан шығып қалған кейбір командадағы шабандоздар жарысты жеке-дара жалғастырып, Түркістандағы соңғы межеге жетуге ниетті. Ереже бойынша, жүлделі орынға ие болу үшін әр командада кемі үш шабандоз болуы керек.

Ал, Ақтөбе облысы «Бәйге» федерациясының директоры әрі Ақтөбе құрама командасының жетекшісі Азат Жүкен атқұмар қауымның мұндай аламан жарысты 20 жыл күткенін атап өтті.

«Өзім 10 жасымнан атқа мініп келемін. 2004 жылдан бастап осындай 300-400 шақырымдық жорықтарға шығып жүрдік. Ақтөбе облысындағы 4 ауданды атпен аралайтынбыз. Бүгінгі марафон-бәйгеде сол аттардың тұқымы сынға түсіп жатыр. Осындай ұзақ қашықтыққа бәйгелер болса екен деп армандадық. Аңшылық бітіп, аттар қалжырап қалғанда, бір-бірімізбен жарысатынбыз. 600 шақырымдық бәйгеге жабы аттары өте шыдамды. Өзге командалардың құрамында ағылшын аттары бар. Оларға қиын, көбі аяқтан қалып жатыр. Біздің аттар тасты өңірге келгенде іркіліп қалуы мүмкін. Сол үшін Ұлытаудан аман-есен өтіп кетсек деп отырмыз. Оның үстіне, жылқыларымыз оңтүстіктің ыстығын көрмеген. Сол үшін шабандоздарымыз қатты шаппай, баяу келе жатыр. Ақтөбе құрамасында Ақбөкен атты сәйгүлігіміз бар. 30-40 шақырымдық бәйгелерде жүлделі орынға ие болған. Ұзақ жүріске шыдамды жылқышылардың аттарын алып келдік. Біз бұл жарысқа дейін 60 атпен 400 шақырымдық жорыққа шығып келген едік. Осы жобаны естіген бетте аттарды ешқайда жібермей, ішінен мықтыларын сұрыптадық. Жалпы дайындығымыз жоғары. Шабандоздарымыздың салмағы жеңіл, 15 жылдан бері ат үстінде жүрген жігіттер. Әрқайсысы осы уақытқа дейін 15 көлік ұтқан. Қазір атбегі болып жүр. Шабандоздарымызды тек жеңіс тұғырынан көресіздер!» - деді Азат Жүкен.

Айта кетелік, бүгін марафоншылар Шұбаркөлден аттанып, төртінші кезең айналымына жолға шықты. Шабандоздар кешке дейін кезекті 100 шақырымды атпен басып өтіп, Ұлытау облысы аумағына ат басын тірейді.

Еске салсақ, «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесі 17 қыркүйек күні елорданың «Қазанат» ипподромында басталды. Марафонның ашылу салтанатында Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.


Соңғы жаңалықтар