Ұлы дала халқы жаратылысты танып-білуде өз сүрлеуін қалыптастырды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы қазақ халқының көкейінде жүрген өзекті мәселелерді қозғап, көпшіліктің қызығушылығын туғызып отыр, деп жазады Алматы ақшамы.

Мемлекет басшысының «Көпқырлы әрі ау­қым­ды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек... Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене оты­рып, жаһандық тарихтағы өз рөліміз­ді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіс­піз», - деген тұжырымы тарихшыларымыз бен ғалымдарымызға үлкен аманат, зор жауапкершілік жүктейді.

Ұлы даланы мекендеген ата-бабаларымыз табиғатпен етене өмір сүре отырып, рухани біртектілікте шыңдалған, ұдайы сапалық жетілуде болған. Тарихта ол көшпенділер мәдениеті деген атпен белгілі. Сан ғасырларда көшпенділер мал жаюдың тәсілдерін шыңдаумен қатар, күнделікті тұтынатын бұйымдары мен құралдарын, жерін, елін жаудан қорғауға қажет соғыс құралдарын дұрыс пайдаланумен бірге, өздерінің жаратылысы туралы танымдық, моральдық, этикалық түсініктерді тудырды және жетілдіріп отырды.

Тарихи деректерге сүйенсек, қазіргі Қазақстан аумағында көшпенділер мәдениетін ұстанған қазақ халқын құрайтын тайпалар біздің заманымызға дейінгі 9-8 ғасырларда қалыптасқан.

Көшпелі өмір салты бойынша ата-бабаларымыз ұлы далада қысы-жазы бойы еркін көшіп жүрген. Табиғат төсінде қыста да, жазда да, түнде де, күндізде өмір сүргендіктен олардың жаратылыс, табиғат туралы және жаратылыста болып жатқан құбылыстар туралы түсініктері біршама жетік болған және олар жайлы өзіндік ой-пікірлері, ұғымдары, көзқарастары және мәдениеті қалыптасқан.

Көшпенділер жаратылыстануының негізі - тәңір, көк аспан, шексіз әлем - оларды жаратушы - құдіретті көктегі Күн. Сол себептен, ертеде ұлы дала халықтары (қазақтар) Күнді тәңірінің көзі деп ұғып, киіз үйлерінің есігін күн шығысқа қаратып тігіп, шығып келе жатқан Күнге тәуба еткен. Ұлы дала халқының бұл ұстанымдары «Құран-Кәрімде» былайша келтіріледі: «Әуелде Көк пен Жер біртұтас еді. Біз екеуінің арасын ажыраттық. Түнді, күндізді және Күн мен Айды да Алла жаратты. Күнді жарық, Айды нұр етіп жаратты да, оған жылдардың сандарын, есептерін білулері үшін Айға орын белгіледі». Осыдан ұлы дала халқының жаратылыс туралы көзқарастары «Құран-Кәрімдегі» ұстанымдармен сәйкестігін байқау қиын емес.

Жаратылысты танып-білуде, оны зерттеуде ежелгі ұлы дала халқы жүздеген жылдар бойы өмір сүру барысында өз сүрлеуін қалыптастырып, тәжірибе жинақтай берді. Олар тіршілік барысында күнделікті тұрмыста қолданатын әр түрлі көптеген заттарды, тастарды, ағаштарды зерттеп, солардың түрлерінен өздеріне қажет бұйымдар жасады. Осы кезде заттардың сипатына, қасиеттеріне көңіл аударды. Ата-бабаларымыз көшпелі өмірге орай кең байтақ ұлы даланың мол байлығын, сан мыңдаған заттарды өз қажетіне пайдаланды.

Жаратылысқа көзқарас, оны танып-білуге деген ізденіс көне заманнан-ақ халықты қоршаған ортаны мұқият пайымдауға мәжбүрледі. Ол кезде заттарды, құбылыстарды зерттейтін білім болмағандықтан, дала халқы жаратылысты сол қалпында тұтастай қабылдады.

Ертедегі қазақтарда «зат» ұғымы және оның сипаттары - құрамы, құрылысы, қасиеттері-туралы білім мен біліктіліктері қалыптасқан. Кез-келген заттың құрамында көптеген заттар болатынын білген. Мәселен, күнделікті тұрмыста сүттің көптеген заттардан тұратынын білу арқылы одан май, қатық, ірімшік, құрт алған. Сүттің сары суында сусын ретінде пайдаланған. Кез-келген заттың майда бөлшектерден тұратынын білген - тұзды ұнтақтаса, сол тұзды құрайтын майда бөлшектер түзіледі.

Жаратылыстағы заттар мен байқалатын құбылыстар туралы дала халқында келесідей рет қалыптасты:

- затқа ат беру - атау;

- затты тану, құрастыру;

- затты сипаттау;

- құбылыстың себебін іздеп, түсіну;

- құбылысты іске асыру, өмірде қолдану.

Осы жүйе бойынша «заттар», «құбылыстар» туралы мағлұматтар ғасырдан-ғасырға жинақталып көбейе түсті.

Зат ұғымын ертедегі қазақтар «әрбір заттың құрамы және қасиеті болады, содан ол заттың сапасы туындайды» деп пайымдады. Олар затты келесідей жіктеді:

- жәй заттар (алтын, күміс, мыс, темір);

- күрделі заттар (су, тұз, сірке қышқылы);

- құймалар (жез, қола).

Заттардың қасиеттерін олардың күйі (сұйық, қатты,бу), түсі (сары, ақ, қара, көк), иісі (өткір), дәмі (қышқыл, тәтті, ащы), қатуы (мұз), қайнауы (су) және ерігіштігі (тұз, қант) болатыны арқылы байқады және заттардың осы қасиеттерін күнделікті тұрмыста пайдаланды. Бұдан ертедегі қазақтардың зат туралы түсінігінің осы кездегі түсініктерге сәйкес келетінін байқаймыз. Қазақ халқына мыс, күміс, алтын, темір, сынап, қорғасын, мырыш, қалайы металдары және олардың құймалары ертеден белгілі болған. Осы металдардың аттары қайдан пайда болғаны беймәлім. Алайда, олардың қазақша аталуы қазақтардың осы металдарды ертеден білетініне меңзейді. Сол сияқты, олар күнделікті өмірде суды, ас тұзын, тотияйынды, ашудасты, күшәланы, алмасты қолданған, қара сабын жасап пайдаланған. Яғни ол үрдістердің химиялық жағын білмесе де, заттардың қасиеттері арқылы табиғи заттарды өңдеуді білген.

Ертедегі грек ойшылдарының жаратылыс туралы ілімін ұлы бабамыз Әл-Фараби қабылдап, жетілдірген. Ол «Ғылымдардың шығуы туралы» кітабында заттар туралы философиялық ойлар мен зерделі пікірлер білдіреді. Әл-Фараби өзінің таным теориясын ұсынды. Ол бойынша Адам -табиғат эволюциясының жемісі, заттар өз бетінше тіршілік етеді, адам таным иесі, заттар адамның сезім мүшелеріне әсер етеді, адамда түйсік тудырады. Әл-Фараби айналадағы заттарды, денелерді алтыға бөлді: 1-аспан денелері; 2-есті жануарлар - адамдар; 3-ессіз жануарлар; 4-өсімдіктер; 5-минералдар; 6-төрт түпкі негіз - от, ауа, топырақ, су. Осы төрт түпнегіз заттардың материалдағының өзегі. Олардың бір-біріне айналу материясынан басқа алуан түрлері пайда болады. Денелер пайда болады, өзгерістерге ұшырайды, жойылады, ал төрт түп негізі мәңгі өзгермейді. Олардың бір-біріне айналуы нәтижесінде жаңа тіршілік негіздері туындап, жетіліп отырады. Сонымен, Әл-Фарабидің жаратылыс туралы ойлары қазіргі кезде ғылыми түрде дәлелденіп, толықтырылуда.

Ертедегі қазақ халқының жаратылыстағы «заттар», құбылыстар туралы ұғымы мен түсінігін қазіргі химия ғылымы жүйесімен былайша салыстыруға болады:

Қазіргі химиялық түсініктер

 

Қазақ халқының жаратылыс туралы түсініктері

 

Заттар туралы алғашқы ұғым

Тәңірі, Алла, көк аспан, қара жер

Химиялық элементтер

Алтын, күміс, мыс, темір, сынап, қалайы

Химиялық құбылыстар

Заттардың жануы, темірдің тоттануы, сүттің ашуы, судың қатуы, қайнауы

Газдар

От, бу, түтін, жел

Ерітінділер

Сүт, айран, қымыз, шұбат, боза, су

Қоспалар

Қола, жез

Қосылыстар

Ашудас, тотыяйын, сақар, ас тұзы, мүсәтір

Заттар (бұйымдар)

Қару, қазан, ошақ, кетпен, сырға, жүзік, таға.

Жаратылыста қазақтар дүниені құраушы төрт түрлі тек бар екенін ұстанған. Олар: жер, су, жел, от. Қазіргі ғылымдар бойынша олар заттың төрт күйі: жер - қатты, су - сұйық, жел - газ, от - плазмалық күйлер. Олар осы төрт текті төрт түлік малдың негізі деп білген. Жылқы - желден, қой - оттан, түйе - сордан (жер), сиыр - судан жаратылған деген наным болған.

Қазіргі Қазақстан аймағында ежелгі адамдар осыдан 1млн. жыл бұрын өмір сүрген. Сол кезден бастап ұлы дала халқы басынан тас дәуірі, қола дәуірі, темір дәуірлері өтті. Тас дәуірінде ертедегі ата-бабаларымыз тұрмыстық құралдар мен қажетті заттарды тастан жасаған. Оның дәлелі Шақпақ, Арыстанды, Шілікті қорғандарынан табылған заттар.

Қазақстан аумағында біздің жыл санауымызға дейінгі 4-1 мыңыншы жылдар аралығында қола дәуір болды. Ата-бабаларымыз қоладан қанжар, пышақ, кетпен, шот, найза, балта, сақина, сырға, т.б. бұйымдар жасай білген. Ертедегі кеншілер мыс пен қалайыны оларға бай жер бетінде жатқан кендерді (малахит, азурит, т.б.) өртеу арқылы өндірген.

Орта ғасырда қазақтар біршама отырықшы халыққа айнала бастады, қалалар пайда болды, шеберханалар, ұсталар жұмыс істей бастады. Сол кезде темірден, мыстан, қоладан - шырағдандар, сақиналар, білезіктер жасалды. Айналысқа бақыр тиындар енгізілді. Сол кезде қазақ жерінде өндірілген металдардың сапасы, олардан жасалған бұйымдар мен қару-жарақтың сапасы туралы тарихта өте құнды деректер кездеседі. Грек тарихшысы - Геродот даланың көшпенділері - скифтер туралы былай деп жазған: «Бұл елде мыс пен алтын ат көпір. Олардың найза, жебе, айбалта сияқты қару-жарағы жезден соғылғанымен, оның есесіне бас киімдері мен белбеуінен бастап ат әбзелдеріне дейін алтынмен апталған». Геродоттың бұл айтқанына Есік қаласының маңындағы қорғаннан табылған «Алтын адам» дәлел болады.

Темір дәуірінде қазіргі қазақ жерінде өмір сүрген көшпенділер темірді біздің жыл санауымызға дейінгі 7-6 ғасырларда өндіріп, пайдаланған. Осы кезде Сақ, Үйсін тайпалары темірден түрлі тұрмыстық бұйымдар, қару-жарақ, ат әбзелдерін жасаған. Ғалымдардың пайымдауынша, дүние жүзіне темір үзеңгіні алғаш біздің ата-бабаларымыз жасап таратқан. Осы кезеңде олар темірді және оның қоспаларын көркем өңдеу ісіне (инкрустация) пайдаланған.

Бір дәуірден екіншісіне өту барысында ұлы дала тұрғындарының зат туралы ұғымы, білімі толықты, жаратылыс жайында сана-сезімі, ой-өрісі дамыды, дүние танымы кеңейе түсті. Олар кенді балқытып, таза металл немесе оның қорытпасын алу үшін жергілікті материалдарды (сексеуіл, көмір) пайдаланған. Мыс (қола) өндіріп, басқа елге шығарып, олардан өздеріне қажет бұйымдар, қару алып отырған. Еуропада мыс табылғанға дейін ертедегі қазақтар оларды жезбен қамтамасыз етіп отырған деген дерек бар.

Сонымен, ертедегі қазақ жерін қоныс еткен халықтарда химия ғылым ретінде емес, қолданбалы түрде көрініс тапқан. Ол кезде көшпелі өмір салты ғылыми жұмыстар, зерттеулер жүргізуге икемделмеген. Сондықтан да қазақ даласының ойшылдары ғылыммен айналасуға мүмкіндігі мол елдерге кетіп, сол жерде өздерінің қоғамдағы жаңалықтарын, философиялық ойларын іске асырған.


Ж.Шоқыбаев, Д.Қаражанова, Б.Жолдасбек, Б.Бекенова 

Абай атындағы ҚазҰПУ

 

Соңғы жаңалықтар