Ұлы дала елі мәдениет пен өркениеттің бесігі болған - депутат

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы дала елі мәдениет пен өркениеттің бесігі болған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына орай пікір білдірген ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Жексенбай  Дүйсебаев осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Қазақстан - Ұлы дала өркениетінің заңды мұрагері» деген ойды алға тартып отыр. Осыған орай, еліміздің тарихына жаңадан шолу жасап, оны зерделеп, оған басқа қөзқараспен қарау керектігін көріп отырмыз. Негізінде ұлттық тарих - азаматтардың санасын қалыптастыратын маңызды құралдың бірі және ол мемлекеттің ұстанып отырған саясатына үлкен демеу болмақ. Сондықтан да, қай елдің болмасын айбынын асқақтататын,  ұрпаққа мұра болып қалатын, өткеннен тағылым алып, келешекті түсінуге жол ашатын - осы тарих», - деді ол.

Мәжіліс депутатының атап өтуінше, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы тарихқа терең үңіліп, сол арқылы түп-тамырымызды тануға мүмкіндік береді.

«Қазақстан әлем сахнасында құрылған  жас мемлекет болғанымен, оның төл тарихы  сонау ежелгі замандағы көне сақтардан, ғұндардан, байырғы түріктерден бастау алып мыңдаған жылдарға созылады. Ұлы дала елі мәдениеттің және өркениеттің бесігі, адамзаттың дамуына үлкен үлес қосқан көптеген тарихи процестердің шоғырланған орны болған. Ата-бабаларымыз ең алғаш жылқыны құрықтап, атқа міну мәдениетінің негізін қалаған. Осының арқасында Еуразия құрлығының Шығысы мен Батысын, Солтүстігі мен Оңтүстігін байланыстырып, Жібек Жолының пайда болуына өз септігін тигізген», - деді Ж.Дүйсебаев.

Оның пайымынша, қазіргі киім және етік үлгілерінің базалық компоненттерін және металл өндірудің амал-тәсілдерін ойлап табу, бәрі де Ұлы даланы мекендеген көшпенді халықтың еншісінде. Оған қоса, халқымыз әл-Фараби, Ясауи, Күлтегін, Бейбарыс, Абай  сынды талай тарихи тұлғаларды дүниеге әкелген текті халық екенімізді тағы да бір дәлелдеп отыр.

«Ендігі міндет - Ұлы даланың тарихи жолдарын қоғамға, өсіп келе жатқан ұрпаққа терең түсіндіріп жеткізу. Осыған орай, өткеніміз бен келешекті байланыстыру арқылы халқымыздың тарихи санасын жаңғырту мақсатына, бірлескен күшпен жете алатынымызға сенім мол», - деді халық қалаулысы.

Соңғы жаңалықтар