+7 (701) 759 90 19
USD 431.07 EUR 485.51
RUB 5.69 CNY 67.47
Jańalyqtar

Ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек - Елбасы

2017 жылғы 12 сәуір 09:21
Бөлісіңіз:
Ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек - Елбасы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек. Бүгін «Егемен Қазақстан» республикалық газетінде шыққан ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында осылай делінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елбасының жазуынша, ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Оның екі қыры бар. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту. Осы ретте Елбасы қазір салтанат құрып тұрған жаңғыру үлгілерінің қандай қатері болуы мүмкін деген сауалға жауап берген.

«Қатер жаңғыруды әркімнің ұлттық даму үлгісін бәріне ортақ, әмбебап үлгіге алмастыру ретінде қарастыруда болып отыр. Алайда, өмірдің өзі бұл пайымның түбірімен қате екенін көрсетіп берді. Іс жүзінде әрбір өңір мен әрбір мемлекет өзінің дербес даму үлгісін қалыптастыруда. Ұлттық салт -дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана», - деп атап өтеді Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге, ҚР Президентінің пайымынша, жаңғыру ұғымының өзі мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу дегенді білдіреді.

«Мысалы, жершілдікті алайық. Әрине, туған жердің тарихын білген және оны мақтан еткен дұрыс. Бірақ, одан да маңыздырақ мәселені өзіңнің біртұтас ұлы ұлттың перзенті екеніңді ұмытуға әсте болмайды. Біз әркім жеке басының қандай да бір іске қосқан үлесі мен кәсіби біліктілігіне қарап бағаланатын меритократиялық қоғам құрып жатырмыз. Бұл жүйе жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстықты көтермейді. Осының бәрін егжей-тегжейлі айтып отырғандағы мақсатым бойымыздағы жақсы мен жаманды санамалап, теру емес. Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі, ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Марлан Жиембай

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER

MURAǴAT