Ұлттық жобаларға нақты мақсат пен дербес жауапкершілік қағидалары енгізілуде – Евниев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде соңғы уақытта әзірленіп жатқан ұлттық жобаларға нақты мақсат пен дербес жауапкершілік қағидалары енгізіліп жатыр.

Бұл туралы Ұлттық жобаларды іске асыру мониторингі кеңсесінің жетекшісі Арман Евниев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жобалық басқарудың төрт негізгі қағидатын айтар болсам, біріншіден, нақты мақсатты жобалау. Яғни егер біз жаңашылдық енгізіп, бір нәрсені өзгерткіміз келсе, алдымен басын ашып алуымыз керек. Смарт деген қағида бар, ол дегеніміз шынайы, қолжетімді, маңызды, өлшемді және уақыты шектеулі болуы тиіс. Жалпы түрде болмау керек, бұл бірінші талап. Екіншіден, дербес жауапкершілік. Мұнда сол жобаның іске асуына тікелей кім жауапты соны анықтап алуымыз керек. Жоба іске аспай қалды ма, оған орындаушы емес жобаны бекітіп, жеке қолын қойған адам жауап беруі тиіс», - деді А. Евниев ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «AntikorLive» жобасының тікелей эфирінде.

Оның айтуынша, бүгінде ұлттық жобалар мен мемлекеттік бағдарламалардың іске асуына нақты жеке тұлғаны тікелей жауапты ететін тиісті құжат қабылданды.

«Қазақстандағы ұлттық жобалар мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына нақты жеке тұлғалар емес түрлі ведомстволар жауапты, бұлай дұрыс емес. Нақтылық болу керек. Мемлекет басшысының бастамасына сәйкес әзірленіп жатқан ұлттық жобаларда «Дербес жауапкершілік» деген бөлім бар, демек ол жерде жауапты тұлғаның аты-жөні көрсетіледі. Үшіншіден, жұмыс ырғағы. Бұлай дейтінім, түрлі саладағы алдыңғы қатарлы компаниялардың тәжірибесіне сәйкес, жобалардың іске асуы оның нақты жоспарлануымен тығыз байланысты. Дербес жауапты тұлғамен қоса, ол жобаны жүзеге асырушыларды орындалмаған жағдайда не күтілетіні туралы алдын ала хабардар етуіміз керек. Және соңғы қағида әріптестік пен ынтымақтастық. Бұл жерде «осы жерде және қазір» қағидасын ұстанған жөн. Айтпағым, сала бойынша озық тәжірибелі және алдыңғы қатарлы компаниялармен ынтымақтастықта жұмыс істей білу», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар