Ұлттық жобалар уақтылы және сапалы жүзеге асырылуы тиіс - Тоқаев

None
Фото: t.me/aqorda_resmi
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бюджеттен қаржыландырылатын ауқымды жобаларды, ең алдымен отандық кәсіпкерлер жүзеге асыруға тиіс. Бұл туралы VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясының отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз нақты индустрияландыруға, жергілікті өндірісті дамытуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға баса назар аударуымыз қажет. Бюджеттен қаржыландырылатын ауқымды жобаларды, ең алдымен отандық кәсіпкерлер жүзеге асыруға тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент алдағы бесжылдық шағын және орта бизнесті қолдауға арналуы керек екенін айтты.

«Ұлттық жобалар уақтылы және сапалы жүзеге асырылуға тиіс. Бюджеттің әрбір тиыны тиімді жұмсалуы керек. Осының бәріне парламенттік бақылау жасау айрықша маңызды. Өздеріңізге дауыс берген азаматтар үлкен үміт күтіп, сенім артып отыр. Депутаттар билік пен қоғамның әріптестігін нығайтуға үлес қосуы қажет. Бұл жұмыс «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орнықтыруға септігін тигізеді. Әсіресе, сайлауда жеңіске жеткен Amanat партиясы осы жұмысқа белсене атсалысады деп сенемін. Партияның тәжірибесі мол, қоғам тарапынан жан-жақты қолдау бар. Сондықтан, Amanat партиясы алдағы өзгерістердің бел ортасында болады деп үміттенемін», - деді Мемлекет басшысы.


Соңғы жаңалықтар