Ұлттық жобалар қандай мақсатты көздейді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада өтіп жатқан Президенттік жастар кадрлық резервінің форумында елімізде қолға алынып жатқан Ұлттық жобалардың басты мақсаты мен қызметі аталып көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған шарада Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов Ұлттық жобалардың мәні мен маңызы туралы айтып берді.

«Ұлттық жоба - Қазақстанды алға дамытатын жаңа реформа. Ұлттық жобаны енгізуде біз Ресей, Ұлыбритания, Малайзия елдерінің тәжірибесін зерделедік. Себебі аталған елдер осы жобаға көшіп, өз экономикасын ілгерілетіп отыр. Бізде бұған дейін мемлекеттік бағдарламалар деп аталып келді. Мемлекеттік бағдарламалардың қалай жүзеге асырылып жатқанына бәріңіз куәсіздер. Ұлттық жобаның ерекшелігі бастаған реформаны аяғына дейін жеткізу және ол елдің әрбір азаматына қатысты. Яғни аты айтып тұрғандай жоба бүкіл ұлттық қамтиды. Тағы бір айтып айтып кететін сәт, ұлттық жоба ол бір реттік немесе мерзімдік шара емес күн сайын, жыл сайын және өмір бойы жүзеге асырылатын ұлттық даму»,- деді Қ. Келімбетов.

Оның айтуынша, Ұлттық жобаны жүзеге асыру үшін Үкімет жанынан арнайы жобалық кеңсе ашылды.

«Ал біз өз кезегімізде агенттік жанынан ұлттық сараптамалық орталық құрып отырмыз. Мақсат – ұлттық жобаның қалай жүзеге асырылып жатқанын сараптау. Одан бөлек, Цифрлық даму министрлігінде цифрландыру жүйесін қадағалайтын орталық ашылды. Министрлік ұлттық жобалардың заманауи түрде қолжетімді болуына жауапты. Яғни жұмысты үшжақтап атқаратын боламыз», - дейді ол.

Сондай-ақ, агенттік басшысы Ұлттық жобалардың басты үш қызметін атап берді.

«Біріншіден, Ұлттық жобалар кеңауқымды болуы тиіс. Және оған республиканың әрбір азаматы өз үлесін қосқаны жөн. Екіншіден, жобалық басқару. Ол дегеніміз уақыттың талабына сай басқарудың формасын өзгертіп отыру және адамдардың да өзгере білуі. Яғни заман ағымынан қалып қоймауымыз керек. Үшінші, ол жасанды интеллект. Қазіргі таңда адамзат өмірінде жасанды интеллект үлкен орын алады», - деді Қ. Келімбетов.

Соңғы жаңалықтар