Ұлттық жобалар қалай іске асырылуда – Қаржы министрінің жауабы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2022 жылы мектеп салу есебінен 10 471 жұмыс орны құрылды. Бұл туралы Мәжілісте 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкіметтің есебін таныстыру кезінде Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2022 жылы 3 мемлекеттік бағдарлама және 10 ұлттық жоба жүзеге асырылды. Олар Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесін іске асыру аясында бекітілген болатын. Түрлі қаржыландыру көздерінен 8,2 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 2,8 трлн теңге бөлінді», - деді Е. Жамаубаев.

Оның атуынша, «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын іске асыруға 227 млрд теңге бөлінді, 201 млрд теңге игерілді, оның 108 млрд теңгесі – республикалық бюджет қаражаты.

«Мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 3-тен 6 жастағы балалардың 98,3% қамтылған. 136 мың оқушы орындық 247 мектеп пайдалануға берілді,

1 003 мектеп жаңғырту жобасы аясында қамтылды. 2022 жылы мектеп салу есебінен 10 471 жұмыс орны құрылды, оның ішінде 6 692-сі тұрақты жұмыс орындары», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, «Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері» ұлттық жобасын іске асыруға 2 трлн теңгеге жуық қаражат жоспарланса, оның 98,4% игерілді. Ауылдарға денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен салалары бойынша мемлекеттік қызметшілерді қоса алғанда 4 221 маман тартылған.

«Былтыр 15,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 130,7 мың отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартты», - деді Е. Жамаубаев.

Сонымен қатар ол «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 9 мың уақытша жұмыс орны құрылғанын айтты.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Наталья Годунова ұлттық жобалар аясында жоспарлау саласына әлі де назар аудару керек екенін айтты.


Соңғы жаңалықтар