Ұлттық жоба: Кез келген адам мемлекеттік орган жұмысын бағалай алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Цифрландыру, ғылам және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы аясында электронды алаңдар дами түседі және құжаттар айналымы 50%-ға төмендейді. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұлттық жобаның үшінші бағыты «Халық үніне құлақ асатын және тиімді мемлекет құру» аясында «Е-петиция», «Е-өтініш» және басқа да алаңдарды құру маңызды. Өйткені азаматтармен тікелей диалог жүргізу және кез келген азаматтың мемлекеттік органдарды бағалау мүмкіндігін қамтамасыз ету қажет. Яғни кез келген адам мемлекеттік орган жұмысын бағалай алуы тиіс», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, министр құжаттар айналымын 50%-ға төмендету жоспарланып отырғанын айтты.

«Себебі қазір жоғарыдан төмен қарай жүретін құжаттар көп жағдайда мемлекеттік аппарат ішіндегі процестерге кедергі келтіреді және тым қағазбастылыққа әкеп соғады. Сондықтан, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру үшін біз процестерді жан-жаққа бөлеміз. Мысалы жобалық басқару процестері мемлекеттік құрылымдар арасында артық хат алмасуды қажет етпейтін заманауи басқару құралдарында жүзеге асырылмақ. Кедендік салықтық әкімшілендіру туралы да айтпай өтуге болмайды, бүгінде оның жақсы цифрлық базасы қалыптасты, қауіпті аймақтарды анықтау немесе кедендік бақылауға көмектесуге арналған «жасанды интеллект» сияқты құралдарды осы ұлттық жоба аясында қолға аламыз. Одан бөлек, алдымызда мемлекеттік деректер қорларын 100% интеграциялауды қамтамасыз ету және цифрландырудың платформалық моделін пайдалану міндеті тұр», - деді Б. Мусин.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының Жолдауы аясында «Цифрландыру, ғылам және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы әзірленіп, бекітілді. Ұлттық жоба 10 бағыттан, 226 тапсырмадан, 44 көрсеткіштен және 211 іс-шарадан тұрады, оларды іске асыру 2025 жылға дейін жоспарланған.

Ұлттық жоба аясында халыққа қызмет көрсету орталықтары да цифрлық және видеоқызметтерін іске қосады.

Қазақстанның барлық балалары информатика және бағдарламалау бойынша сапалы білім алуы үшін «Виртуалды информатика мұғалімі» жобасы іске асырылмақ.

Ұлттық жобалар аясында халыққа IT дағдыларын тегін үйрететін 20 инновациялық мектеп ашылады.

Сонымен бірге, Ұлттық жобалар аясында 50 өңірлік оқу орнының IT-факультеттері бейінді IT-университеттерге немесе қалыптасып үлгерген IT-компаниялардың қамқорлығына беріледі.


Соңғы жаңалықтар