Ұлттық жоба: Қазақстандықтар жерді электронды түрде рәсімдей алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде ауыл шаруашылығына қатысты ұлттық жобаны іске асыру аясында жерді жалға беру процесі электронды форматқа көшіріледі. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жерге қатысты жаңашылдықтың бірі, жалға алған жерді екінші біреуге жалға беру мүмкіндігі. Сондай-ақ, егер сіз бір ауылда 5 жылдан артық тұрсаңыз, онда жалға жер алуға құқығыңыз бар. Одан бөлек, бүгінде жайылымдық жерлерге қатысты заң жобасы әзірленіп жатыр. Аталған заң жобасы қазір Мәжілісте қаралуда. Жаңа заңға сәйкес пайдаланбай жатқан жерді мемлекет қарамағына өткізу мерзімін қысқарту жағы қарастырылып жатыр. Заңнама қабылданған жағдай қараусыз жатқан жерді мемлекет қарамағына алу мерзімі 2 жылдан 1 жылға дейін қысқартылады», - деді Ербол Қарашөкеев Хабар 24 телеарнасында өткен «Ошакбаев Live» телебағдарламасының эфирінде.

Оның айтуынша, жерді жалға беруде министрлік алдында тұрған басты міндет – ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету. Сол сияқты сыбайлас жемқорлық әрекетінің алдын алу.

«Және бір жаңалық елімізде жерді рәсімдеуді электронды форматқа көшірмекпіз. Бұл жерді жалға беру процесінде ашықтықты қамту үшін қолға алынып отыр. Сонымен қатар жаңа жылдан бастап жер инспекциясы ауыл шаруашылығы министрлігіне бағынысты болады, бұған дейін ол қызмет жергілікті әкімдіктің құзыретінде болған. Яғни ендігі уақытта жерді жалға беру процесін жергілікті әкімдік электронды түрде рәсімдейді, ал оған рұқсат беру, жерді тиімді әрі заңды қолдалану жағын біз қадағалайтын боламыз», - дейді ол.

Бұған дейін Ербол Қарашөкеев ауыл шаруашылығы туралы ұлттық жобаның орындалуына тікелей өзі жауап беретінінін айтты.

Сондай-ақ, министр келер жылдан бастап елімізде ауыл шаруашылығын субсидиялаудың бірыңғай жүйесі енгізілетінін мәлім етті.


Соңғы жаңалықтар