Ұлттық жоба: Қазақстандық кәсіпкерлер шетелде тағылымдамадан өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Кәсіпкерлерді қолдауға арналған ұлттық жоба аясында отандық кәсіпкерлердің шетелден тағылымдаман өтуі жоспарлануда. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл елімізде қолға алынған 10 ұлттық жобаның бірі «Орнықты экономикалық өсу, өңірлер мен бизнесті дамыту» деп аталады.

«Ұлттық жоба аясында кәсіпкерлік белсенділікті арттыру бағытын бірқатар өзгерістер күтіп тұр. Қазақстандықтар өз ісін ашуы үшін қолайлы жағдай жасалады. Оның қатарында «Бизнес бастау» бағдарламасы да бар. Сонымен қатар түлектерге арналған жастар практикасы, осал топ санатына жататын жандарға арналған әлеуметтік жұмыс орындары және зейнет жасына тақаған адамдардың еңбекпен қамту мақсатында «Күміс жас» жобасы қолға алынбақ. Одан бөлек, елімізде іскерлік кәсіпкерлікті ілгерілету үшін кәсіпкерлерді шетелде бизнес бойынша тағылымдамадан өткізу қарастырылған», - деді Әсет Ерғалиев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, аталған шаралардың жүзеге асуы нәтижесінде өз кәсібін дөңгелететін отандастарымыздың үлесі 1,7 есеге артпақ.

«Және де кәсіпкерлікті дамытудың арқасында жаңа жұмыс орындарының саны 1,4 есеге өсіп, 50-ден 70 пайызға арта түседі. Сол сияқты қаржылай емес қолдау алатын кәсіпкерлік субъектілердің саны 638 мыңға жетеді. Қысқа мерзімде кәсіби білім алып, жұмыспен қамтылатындардың үлесі 55-тен 80 пайызға көбейеді», - дейді ол.

Бұған дейін министр ұлттық жобалардың орындалу барысы арнайы ақпараттық жүйе арқылы қадағаланатынын айтты.

Сондай-ақ, Әсет Ерғалиев елімізде электронды темекіні сатуға тыйым салуға қатысты пікір білдірді.

Соңғы жаңалықтар