Ұлттық ұланның 100-ден астам сарбазы майдангердің үйінің алдында шеру ұйымдастырды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда Ұлттық ұлан жауынгерлері 95 жастағы майдангер Алевтина Митрохинаны мерекемен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығынан подполковник Ерболат Сұлтановтың мәлім еткеніндей, 5517-әскери бөлімінің 100-ден астам жауынгері майдангер тұратын үйдің алдынан шеру жасап, жүріп өтті.

Әскери оркестрдің сүйемелдеуімен соғыс жылғы әндерді орындап, майдангерге құрмет көрсетті. «Алевтина Тимофеевнаның даңқы арта берсін!» деп дауыстады.

Терезесінің алдына келіп, құттықтаған жас жауынгерлерді көрген майдангер көзіне жас алды.

Шеруден кейін «Батыс» өңірлік қолбасшысы тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Бақыт Алазов ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың атынан майдангерге ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тілеп, құттықтау хат, сыйлық пен гүл шоғын табыс етті.

А.Митрохина Екінші дүниежүзілік соғыста медбике болды. 17 жасында Сталинград майданынан ерлік жолын бастаған ол әлемнің алты елінде болды.

«Сталинградтағы алапат шайқастар әлі есімізде. Қала түгел қирап, отқа оранды, Еділде қан су болып ақты. Сонда да кеңес халқы жауға берілген жоқ. Біз Ұлы жеңіс жолында Отан үшін жанын берген әр адамды ұмытпауға тиістіміз. Бұйырса, Жеңістің 75 жылдығына арналған шараларға қатысамыз. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, кейінгі жас ұрпақ бейбіт өмір сүрсін», - деді Алевтина Митрохина.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығы ардагерлер кеңесінің төрағасы, запастағы подполковник Бақытжан Бердиев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай соғысқа қатысқан әр майдангер әйелді құттықтайтынын жеткізді.

Аталмыш шара «Біз – Жеңістің мұрагерлеріміз!» атты республикалық эстафетасының аясында ұйымдастырылды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Біз – Жеңістің мұрагерлеріміз!» эстафетасының Оралда жалғасқанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар