Ұлттық ұлан жауынгерлері жол бойында талып қалған азаматты аман алып қалды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ұлттық ұлан жауынгерлері жол бойында талып қалған азаматты аман алып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға кеше «Ақжар-2» трассасы бойында орын алды.

Ақтөбедегі Ұлттық ұланға қарасты 6655 әскери бөлімінің ату алаңынан қайтып келе жатқан аталған бөлімнің медицина қызметінің бастығы, аға лейтенант Нұркелді Бақтыбаев пен взвод командирі, аға лейтенант Нұрғали Сейдембаев жол бойында патруль автокөліктері тоқтап, халық жиналып қалғанын көреді. Медицина қызметінің бастығы дереу автокөлікті тоқтатып, оқиға орнына барған кезде ер адамның талма ауруы ұстап, есінен танып жатқан болатын. Ол медицина қобдишасын алып, алғашқы медициналық жәрдем көрсетіп, қан қысымын өлшегеннен кейін ер адамды қалалық ауруханаға жеткізеді.

Қызылжар кентінің тұрғыны, төрт баланың әкесі, 39 жастағы Құрманбек Қалмырзаев жаны қысылған кезде қолұшын созған Ұлттық ұлан жауынгерлеріне ризашылығын білдірді.

Құрманбектің зайыбы Мәлика Дабылованың айтуынша, сол күні таңнан бері жолдасы алты мәрте талып қалған. Емшіге апара жатқан кезде жолда қайтадан сондай күйге түскен. Ол да осындай қысылтаяң кезде жәрдемін берген жігіттерге алғысын айтып, қазіргі кезде Құрманбектің ауруханада емделіп жатқандығын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар