Ұлттық ұлан жауынгерлері Жаңаөзенде жоғалған төрт жасар баланы тапты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ұлттық ұлан жауынгерлері Жаңөзенде жоғалған төрт жасар баланы тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 9 мамыр күні болған.

Баланың ата-анасы Жаңаөзен қаласы полиция бөлімінің жедел басқару орталығына өз үйінің ауласында ойнап жүрген балдырғанның сағат 21.00 шамасында жоғалып кеткенін хабарлаған.

Төрт жасар баланың түр-сипаты барлық жауынгерлік топтарға рация арқылы беріліп, оны іздеуге жеке құрам тегістей жұмылдырылды.

Арада 40 минут өткенде, құрамында лейтенант Жасұлан Қастеев, қатардағы жауынгерлер Нұрдәулет Тілектесов пен Бағдат Тәуекел бар топ «Жаңаөзен» сауда кешені орталығы жанында жылап отырған баланы табады. Бала өзінің есімі Мадияр екенін, адасып кеткенін айтқан.

Ұлттық ұлан жауынгерлерінің қырағылығы арқасында бала тез арада аман-есен табылып, ата-анасының қолына табысталды.

Бұл оқиға жөнінде Мадиярдың әкесі Саламат Нарыновтың бөлім командирінің атына алғыс айтып, жазған хатынан кейін белгілі болды.

Аталған жауынгерлер 5548-әскери бөлім командирімен ынталандырылды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын 5 мамыр күні Ұлттық ұлан жауынгерлері жоғалған 6 жасар Алтынбек пен бес жасар Даянаны тапқанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар