Ұлттық ұлан жауынгерлері Жаңаөзенде жоғалған 3 жасар баланы тапты

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Ұлттық ұлан жауынгерлері Жаңаөзенде жоғалған 3 жасар баланы тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің жетекшісі, подполковник Ерболат Сұлтановтың айтуынша, оқиға 8 қазан күні кешкісін сағат 21.00 шамасында болды.

Құрамында қатардағы жауынгерлер Мадияр Мыңбосынов, Айбек Шалдынбек және Мұхтар Сәрсенбаев бар топ 6-шағынауданда жылап отырған баланы тапты. Ол адасып кетіп, үйіне қалай қайтарын білмей отыр екен.

Баланы тыныштандырған М.Мыңбосынов кезекші топ бастығы, лейтенант Әділ Қасенғалиға дереу хабарлап, сосын ата-анасын іздестіруді жедел ұйымдастырды.

Арада 20 минут өткеннен кейін бала анасының қолына табыс етілді.

Үш жасар ер баланың анасы Альбина Ғайнутдинова 5548-әскери бөлім командиріне хат жазып, ұлын тез тауып берген Ұлттық ұлан жауынгерлеріне алғысын білдірді.

Қырағылық көрсеткені үшін аталған сарбаздар бөлім командирімен ынталандырылды.

Бұл – бірінші оқиға емес. Бұдан бұрын Ұлттық ұлан жауынгерлері 27 тамызда жоғалған 4 жасар баланы тапқан болатын.

Соңғы жаңалықтар