Ұлттық ұлан жауынгерлері Жаңаөзенде адасқан ақсақал мен баланы тапты

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат  - Ұлттық ұлан жауынгерлері Жаңаөзен қаласында адасқан ақсақал мен баланы тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 23 желтоқсан күні орын алды.

Күндіз 80 жасар ақсақал Арай көшесіндегі үйінен шығып кетеді. Отбасы мүшелері өздігімен іздегенімен, таба алмағаннан кейін полицияға хабарлайды. 

Іздестіру шаралары барысында құрамында лейтенант Саят Кенжеғұлов, қатардағы жауынгерлер Әлібек Сарыбаев, Қыдыр Шернияз автокүзет тобы сағат 18.20 шамасында 5-шағынауданда жол шетінде жеңіл аяқкиіммен, күртесіз, жан-жағына алаңдап тұрған қарияны байқайды. Ақсақалдың ара-тұра есін жоғалтып алатыны бар екен. Сол себептен тума-туысқандарына өзінің қайда екенін жеткізе алмаған.

Бірнеше сағаттан кейін жауынгерлер қаланың тағы бір ауданынан жоғалған 4 жасар баланы тапты.

Кешкі сағат 21.00 шамасында 3-шағынауданда баланың жоғалғаны жөнінде хабар түсіп, жақын маңдағы жауынгерлер соған жұмылдырылған. Баланы жарты сағаттан кейін құрамында қатардағы жауынгерлер Ербол Аманғалиұлы, сондай-ақ Санжар Жеңісбай, Ақдәулет Сапу бар топ бір үйдің жертөлесінен тапты. Кейін Әбілқайыр есімді баланың үйінен ойнауға шығып, адасып кеткені белгілі болды. Көп ұзамай ол да тума-туысқандарымен аман-есен қауышты.

Қырағылық көрсеткені үшін аталған жауынгерлер 5548-әскери бөлім командирімен ынталандырылды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ұлттық ұлан жауынгерлерінің Оралда суық қарумен жүрген ер адамды ұстағанын, сондай-ақ тәртіп сақшыларының бес жасар баланы құтқарып қалғанын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар