Ұлттық ұлан жауынгерлері Тәуелсіздік туын биік ұстайды – Халық қаһарманы

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Ұлттық ұлан жауынгерлері Тәуелсіздік туын биік ұстайды. Бұл туралы ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, полковник, Халық қаһарманы Қайрат Үмбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз. Биыл еркін ел болғанымызға отыз жыл.

-Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекетінің, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы ұмтылған бостандықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарихи тұрғыдан бағамдасақ, отыз жыл – аса көп уақыт емес. Десе де, жұртымыз аз уақыт ішінде әлемдік алпауыттармен терезесін теңестіріп, халықаралық қауымдастыққа қарышты қадамдарымен танылып үлгерді. Осы мерзім аралығында қазақ ұлты саяси және экономикалық даму бағытын дербес айқындай алатын қарымы мен қабілетін дәлелдей білді. Ата-бабамыз армандаған тәуелсіз күн арайлап атып, көк байрағымыз көкте желбіреді. Жас елдің тарихындағы жаңа дәуір өзінің бастауын Тәуелсіздіктен алады. Сондықтан Тәуелсіздік мерейтойы ерекше мәнге ие. Егеменді ел, Тәуелсіз мемлекет болуды аңсаған халқымыз 200-ден астам көтерілістер мен ұлт-азаттық қозғалыстарды басынан өткерді. Сондықтан бүгінгі ұрпақ үшін қандай да болмасын мерекенің, мейрам мен тойдың басы – Тәуелсіздік күні екендігі даусыз, әрі солай болуы да тиіс, - дейді Халық қаһарманы.

Оның сөзіне қарағанда, өз Отанымен бірге еліміз егемендік алған күннен бастап Ішкі әскер де құрылып, дами бастады. 1992 жылдың 10 қаңтарында Тұнғыш Президент Ішкі әскердің құрылуы туралы Заңға, 1992 жылдың 23 маусымында «Қазақстан Республикасының Ішкі әскері туралы» Заңына қол қойды. Бұл ішкі әскердің міндеттері мен қызметін анықтайтын бірінші құқықтық акт болды.

Ал 2014 жылдың 21 сәуірінде заманауи уақыттын талабы бойынша Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлері Ұлттық ұлан болып қайтадан құрылды.

«Тәуелсіздік алған жылдардан бастап біздің Ұлттық ұлан әскерлері саяси тұрақтылықты қамтамасыз етіп, азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтауда өздеріне жүктелген талаптар мен міндеттерді абыроймен орындап келеді. Осы тұрғыда «Батыс» өңірліқ қолбасшылығының жеке құрамы жауынгерлері Тәуелсіздіктің туын одан әрі де биік ұстайтынына сенім мол. Бүгінде елімізде тыныштық орнап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман келді деп мақтанышпен айта аламыз. Артқа тастаған отыз жылдың ішінде не атқардық деген сауал туса, тізбектеп сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бір мемлекетке жетерлік іс тындырылды және жүзеге асырылды. Еліміздің туы көкте қалықтап, ынтымағы жарасқан ел болайық! Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз және ол бәрінен қымбат!», деді полковник Қайрат Үмбетов.

Айта кетейік, Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесін «Батыс» өңірлік қолбасшылығының жеке құрамы да салтанатпен атап өтті. Тәуелсіздік күніне орай Ішкі істер министрінің, ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысы мен «Батыс» өңірлік қолбасшысының бұйрықтарына сәйкес 100-ден астам әскери қызметшілерге төсбелгілер, грамоталар мен алғысхаттар табыс етілді.


Соңғы жаңалықтар