Ұлттық ұлан жауынгерлері өз міндеттерін абыроймен атқара бермек- генерал-майор

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Ұлттық ұлан жауынгерлері ел тыныштығын қорғауда өз міндеттерін абыроймен атқара бермек. Бұл туралы ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшысы, генерал-майор Әлібек Серәлие айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Қазақстан халқы тұңғыш Президент күнін осымен жетінші рет тойлап отыр.

Тұңғыш Президент күні - Елбасы жетістіктері мен жеңістерін ұлықтайтын, өскелең  ұрпаққа нағыз елжандылық пен отансүйгіштіктің, азаматтық пен ұлылықтың үлгісін көрсететін күн.

Елімізде татулық пен бірліктің, келісім мен түсіністіктің орнауы, халқымыздың зор табыстарға  жетуі - Елбасының сарабдал, дана саясатының жемісі. Сол себепті де кемеңгер көшбасшымыздың қоғам өміріне арнаған ерен еңбегін бағалай білу - баршамыздың парызымыз.

"Осы орайда айрықша назар аудара айтарым, Елбасы Н.Назарбаев тәуелсіздік алысымен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге жіті көңіл бөле отырып, егемендік декларациясы жарияланғаннан кейін небәрі 26 күннен соң алғашқы күш-қуат органы ретінде ішкі әскерді құрғаны біз үшін мақтаныш және мемлекет тарапынан көрсетілген айрықша сенім деп білемін. Міне, біздің жауынгерлік тарихымыз да дәл сол 1992 жылғы 10 қаңтардан бастау алады", - деді генерал-майор. 

Сол кезден бастап ішкі әскердің жеке құрамы алға қойылған тапсырмаларды лайықты түрде орындап, әр азаматтың конституциялық құқығы мен қауіпсіздігін, қоғам құндылықтарын, мемлекет тыныштығын қауіп-қатерлерден қорғау бағытында өз қызметтерін барынша мүлтіксіз атқарып келеді.

Еліміздің құқық қорғау органдары жүйесіне кіретін кешегі ішкі әскер, бүгінгі Ұлттық ұлан осы 26 жыл ішінде заман талаптарына сай толық, жан-жақты қалыптасып болды деп айтуға әбден негіз бар.

Елбасы, ҚР Қарулы күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде: «Қарулы күштердің негізі - офицерлер, сержанттар, яғни өз өмірін саналы түрде Отанына қызмет етуге арнаған адамдар. Тәрбиелік және патриоттық жұмыстарды жетілдіру, солдаттан генералға дейінгі құрамның моральдық рухын күшейту жөнінде қосымша шаралар қабылдау қажет», деген болатын. Осы орайда Ұлттық ұлан жауынгерлері алдында халықты қылмыс атаулыдан қорғай отырып, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету міндеті тұр.

«Мемлекет басшысы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында жылқының алғаш рет қазақ даласында қолға үйретілгенін, атты әскердің өз заманында айбарлы болғандығын атап көрсеткен еді. Бүгінгі Ұлттық ұлан жауынгерлері де сол ата-бабамыздың ерлік дәстүріне сай болу керектігін ешқашан ұмытпайды», деп түйіндеді сөзін Ә.Серәлиев.

Соңғы жаңалықтар