Ұлттық ұлан сарбазы дауылда әріптестерін құтқарып жүріп көз жұмды
2022 жылғы 10 тамыз 10:04

Ұлттық ұлан сарбазы дауылда әріптестерін құтқарып жүріп көз жұмды

ҚОНАЕВ. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық ұланы 5571 әскери бөлімінің (Алматы) мерзімдік қызмет әскери қызметшісі, қатардағы жауынгер А. Шахимов далалық жаттығу кезінде қайтыс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жауынгерлік дайындық жоспарына сәйкес 5571 әскери бөлімінің 1 жедел мақсаттағы батальонының жеке құрамы 8-13 тамыз аралығында 5574 әскери бөлімінің оқу орталығында далалық жаттығуда болған. 9 тамызда сағат 20:55 шамасында қатты дауыл көтеріліп, жел салдарынан сарбаздар орналасқан шатыр қалашығы бүліне бастаған. Қатардағы жауынгер А.Н. Шахимов әріптестерінің қауіпсіз орынға шығуына көмектесіп жүріп өзі соңғы болып шыққан кезде, шатырдың темір жақтауы басына тиіп, жарақат алған», делінген баспасөз баянында.

Сарбазға жедел медициналық көмек көрсетіліп, санитарлық көлікпен Қонаев қаласындағы қалалық ауруханаға жеткізілген. Кейіннен қалалық аурухана дәрігерлері сарбаздың қайтыс болғанын растады.

«Қатардағы жауынгер А.Н. Шахимов өзінің жанқиярлық әрекетімен жолдастарын құтқарып, өкінішке орай өзі қатты соққыдан қайтыс болды. Ол 2003 жылы туған. Ұлттық ұлан қатарына биылғы көктемде Ақмола облысы Көкшетау қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінен шақырылған. Аталған факті туралы кезекші қызмет желісі бойынша тиісті органдарға хабарланды. Оқиғаның мән-жайы анықталып, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қызметтік тексеріс тағайындалды. ҚР Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы мерзімдік қызмет әскери қызметшісі А.Н. Шахимовтың ата-анасы мен жақындарына орны толмас қайғыға ортақтасып, көңіл айтады», - делінген ресми хабарламада.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT