Ұлттық ұлан сарбаздары Қырғызстандағы «Кобальт-2022» оқу-жаттығуына қатысып жатыр
Жаттығу ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын бірлесіп даярлау жоспарына сәйкес ұйымдастырылды. Оған сондай-ақ, жедел ден қою ұжымдық күштерінің құрамына кіретін арнайы мақсаттағы күштердің құралымдары қатысып жатыр.
Оқу-жаттығу барысында Ұйымға мүше мемлекеттердің арнайы мақсаттағы әскерлерінің жиынтық топтары бандалық құрылымдарды, террористік топтарды іздеу, бұғаттау және бейтараптандыру жөніндегі жаттығуларды және қолданбалы жедел-жауынгерлік міндеттерді орындайды. Сондай-ақ, есірткі контрабандасының арналарын жабу және есірткі сақтау қоймаларын, өндіру зертханаларын табу мен жоюды жүзеге асырады.
Оқу-жаттығу жоспары бойынша арнайы операцияны жоспарлау, өзара іс-қимылды ұйымдастыру және әртекті күштер мен құралдарды басқару мәселелері бойынша жедел ден қою ұжымдық күштерінің жедел штабымен командалық-штабтық жаттығу көзделген.
Сонымен қатар, оқу-жаттығудың соңында түрлі қарудан ату бойынша жарыстар өтеді.
Фото: gov.kz