Ұлттық ұлан сарбаздары карантинде қандай ерліктер жасады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Екі айға жуық уақыт бойы ҚР Ұлттық ұланы әскерилері коронавирусты таратпау үшін медициналық қызметкерлермен, полицейлермен бірге алдыңғы шепте тер төгіп келеді. Олар күн сайын карантин талабын бұзуға әрекеттенген тұрғындарды тоқтатып, ауру ошағы шыққан аулалар мен подъездерді, блокпосттарды күзетеді. 7 мамыр - Отан қорғаушы күніне орай, ҚазАқпарат Ұлттық ұлан сарбаздарының карантинде жасаған ерліктеріне шолу ұсынады.

Алматы қаласында Ұлттық гвардия сарбаздары карантинде қоғамдық тәртіпті бұзған мас ер адамды ұстады. Ұлттық гвардия әскерилері мен полиция қызметкерінің біріккен патруліне әйелдер жүгініп, ішімдікке мас ер адамға шағымданған. Тәртіп сақшылары оны сабырға шақырғанымен, тәртіп бұзушы өзін дөрекі ұстаған. Көшедегі адамдарды балағаттап, әскерилерге қол көтермек болған. Бірнеше ескертуден кейін әскери жасақ тәртіп бұзушыны арнайы құралдармен тоқтатты. Тексере келе, ұсталған ер адамның бұрын да сотталғаны анықталды. Сот қарауынан кейін ер адам ҚР ӘҚБК 476 және 478-баптары бойынша 35 тәулікке қамалды.

Кәсібилік танытқан 6654 бөлімінің аға лейтенанты Нұрсұлтан Рахымбай мен қатардағы жауынгер Наурызбек Ілиясовты«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Талапкер Әмриев марапаттады. Қазіргі уақытта Алматы қаласында төтенше жағдай режимін қамтамасыз етуге Ұлттық гвардияның 1100 әскери қызметшісі үлес қосып келеді.

Ал елордалық сарбаздар карантинде жоғалған баланы тауып, ата-анасына табыстады. 14-сәуір күні сағат 15.10-да Алматы ауданынының Ғ.Мүсірепов көшесінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қадағалап жүрген әскери жасаққа ер азамат көмек сұрап келді. Ол шағынмаркетке кіріп азық-түлік алғанда, көлікте ұйықтап жатқан 2 жасар ұлы көшеге шығып кеткен. Айналаны 10-15 минуттай қарап, ұлын еш жерден таппаған.

Жасақ бастығы сержант Нұрсұлтан Құрашев баланың жоғалғанын әскери жасақ кезекшісіне баяндап, көрші бағыттағы әріптестеріне хабарлаған және патруль қатардағы Ералы Қосымбай мен Бейбарыс Қайырлиевпен бірге іздеу шараларына кіріскен. Ұландықтар төңіректі түгел қарап, жылап тұрған кішкентай Қайсарды тауып, ата-анасына табыстады.

Жаңаөзен қаласында Ұлттық гвардия сарбаздары көшеде есірткі алып жүрген ер адамды ұстады. «Өркен» шағынауданын күзетуде патруль басшысы, кіші сержант Жангелді Балмаганбет пен қатардағы жауынгерлер Байтөре Итенов және Ерасыл Момбай өзін күдікті ұстаған ер адамды байқаған. Ер адам жан-жағына қарап, патурльден қашуға тырысқан. Әскери жасақ күдіктіні ұстап, күртесінің қалтасынан бір бума есірткі затын (марихуана) тапқан және ер адамды полиция бөліміне тапсырған. Қызметтегі қырағылығы мен жоғары кәсібилігі үшін әскери жасақты 5548 әскери бөлімінің командирі марапаттады.

Сонымен бірге, маңғыстаулық сарбаздар тапаншадан оқ атқан ер адамды ұстады. Оқиға Приморск ауданындағы «Пеле Гримм» кафесінің жанында болған. Қоғамдық тәртіп күзетінде полиция қызметкерімен бірге жүрген әскери жасақ - Орынбек Рахымжан мен Батыржан Бағытұлы кафе маңында оқ атылғанын естіп, жедел басқару орталығына мәлімдеген. Оқиға орнына жеткенде жауынгерлер күдікті үш адамды байқайды. Батыл қимылдап, солардың бірін қолға түсіреді. Ұсталған ер адамнан оқ-дәрілерімен қоса «Байкал» пневматикалық тапаншасы табылды.

Оқиға орнына Ақтау қаласы полиция басқармасының жедел тергеу тобы шақырылды. Тергеушілер 31 жастағы қала тұрғынынан тапаншаны тәркіледі. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық Кодексінің 287-бабына (қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) сәйкес тергеу амалдары жүріп жатыр. Қырағылығы мен батыл іс-әрекеті үшін аталған сарбаздарды әскери бөлім командирі марапаттады.

Қызылорда қаласында патрульдік полицей мен әскерилер көпқабатты үйдегі өртті тоқтатып, ес-түссіз қалған тұтас отбасын далаға алып шықты. 20 сәуір күні сағат 16.30-да патруль бастығы, полиция лейтенанты Н. Қайырбаев Ұлттық ұлан әскери қызметшілері Кирилл Лосицкий және Ниязәлі Дәулетпен бірге патрульдеу барысында тұрғын үйлердің бірінен көк түтінді көреді. Бұл туралы 5547 әскери бөлімінің әскери қызметшілері кезекшіге баяндап, медицина мамандары мен өрт сөндірушілерді шақырған және өздері тұрғындары құтқаруға кіріскен. Олар көпқабатты үйдің тұрғындарына өрт туралы хабарлап, баспанадан шығуға жәрдемдескен. Осы уақытта тұрғындардың бірі өрт шыққан пәтерде тұтас отбасының қалғанын айтады. Әскери жасақ есікті бұзып, үйге кіргенде ес-түссіз жатқан төрт адамды тапты. Осылайша, полиция қызметкері мен Ұлттық ұлан әскерилері барлық тұрғындарды сыртқа шығарып, оларға алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Өрт сөндірушілерге де көмек беріп, тілсіз жауды бірлесіп ауыздықтады.

Ерлік көрсеткен жауынгерлер Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовтың бұйрығымен марапатталды. Әскери міндеттерін адал орындағаны, батыл және табанды әрекеті үшін және жоғары кәсібилігі үшін қатардағы Ниязәлі Дәулет пен Кирилл Лосицскийге «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» төсбелгісі табыс етілді. 5547 әскери бөлімінің командирі подполковник Төлеби Чубаев жеке құрам алдында жауынгерлерді құттықтап, марапаттарын кеудеге тақты.

Шығыс Қазақстанда Курчатов қаласындағы 3514 әскери бөлімінің қызметшісі Думан Боғасбаев суицид жасамақ болған әйелді құтқарып қалды. Оқиға 5 мамыр күні сағат 19:30 шамасында болған. Думан Боғасбаев өз үйінің балконында тұрған сәтте қарама-қарсы ескі тұрғын үйдің 4-ші қабатынан секіруге оқталған әйелді байқаған. Ұландық жауынгер оқиға жайлы полиция бөліміне хабар беріп, дереу көмекке ұмтылады. Сарбаз 4-ші қабатқа көтеріліп, секіруге дайындалған әйелді ішке тартып кіргізіп алады.

«Шынымды айтсам, бұл жағдайда әйелді үгіттеуге, қателік жасамауға өтініп тұратындай уақыт болған жоқ. Өз өміріне балта шаппай тұрғанда, шапшаң қимылдап, тез құтқарып қалу керек болды. Өйткені, бұл оқиғада адам өміріне қауіп төніп тұрды», - дейді аға сержант Думан Боғасбаев.

Өзіне қол жұмсамақ болған азаматшаны қауіпсіз орынға шығарған соң, оқиға орнына полиция қызметкерлері жеткен. Қазіргі уақытта құзырлы органдар әйелді суицидке не итермелегенін анықтап жатыр.


Соңғы жаңалықтар