Ұлттық ұлан сарбаздары Ақтөбеде лаңкестермен қақтығыста қаза тапқандардың рухтарына тағзым етті

None
Фото: ҚР Ұлттық ұлан баспасөз қызметі
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты барлық әскери бөлімде осыдан жеті жыл бұрын 5 маусым күні Ақтөбеде лаңкестермен қақтығыста қаза тапқан әскерилердің рухына тағзым ету мақсатында «Мәңгілік сапта» атты бір күндік акциясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық ұланның баспасөз қызметі мәлім еткендей, ұландық әскери қызметшілер бүгін саптық алаңға қойылған есіл ерлердің фотолары алдында сап түзеп, қаза болған батырлардың ерліктері мен қайсарлықтарын еске алып бір минут үнсіздік жариялады.

Әскери қызметшілердің көрсеткен ерлігі мен қайсарлығына арналған шараның соңы жеке құрамның саптық шеруімен аяқталды.

«Қайтыс болған ерлердің қайғысы олардың жақын туыстарының ғана емес, еліміздің ортақ қайғысы. Олардың табандылықпен көрсеткен ерлігі ешқашан ұмытылмайды, мәңгілік жүрегімізде сақталады, өскелең ұрпақ үшін өшпес ерлік және Отанға деген адалдықтың үлгісі болып қала бермек», - делінеді хабарламада.

Еске салсақ, 2016 жылғы 5 маусым күні сағат 14.35-те лаңкестер тобы қару-жарақты қолға түсіріп, қитұрқы әрекеттерін іске асыру мақсатымен Ақтөбе қаласында орналасқан Ұлттық ұланның 6655 әскери бөліміне шабуыл жасаған болатын.

Қарулы қақтығыста лаңкестерге алғаш қарсылық көрсеткен майор Даниэль Майлыбаев, кіші сержант Берікжан Қалиев және қатардағы Досбол Сапар жанқиярлық ерлікпен қаза тапты.

Әскери міндетін орындауда көрсеткен ерен ерлігі мен қайтпас қайсарлығы үшін майор Даниэль Майлыбаев ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен (қайтыс болғаннан кейін), кіші сержант Берікжан Қалиев (қайтыс болғаннан кейін) және қатардағы Досбол Сапар (қайтыс болғаннан кейін) ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған болатын.


Соңғы жаңалықтар