Ұлттық техникалық регламенттерді әзірлеудің тәртібі қайта қаралады - Бақыт Сұлтанов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының жалпы отырысында «Техникалық реттеу туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы 24 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында және 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арналған Жолдауында Мемлекет басшысы он жылдан астам уақыт бұрын қабылданған техникалық реттеу туралы заңнама қазіргі уақыттың талаптарына сай келмейтінін атап өтіп, өнімнің қауіпсіздігі мен сапасын арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, өз нарығымызды қорғау үшін ірі әлемдік экономиканың сауда текетіресі жағдайында экономиканы «ілгерілететін» жүйелі факторлар бар, оларға да ден қою қажет.

Олардың ішінде:

1) ішкі және сыртқы нарықтардағы тұтынушылардың тарапынан отандық тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігіне талаптардың күшейуі;

2) импорттық тауарлар тарапынан «қысым» және экспорттың жаңа нарықтарына шығу;

3) интеграциялық процестерді тереңдету.

«Осыған байланысты және аталған кемшіліктерді жүйелі түрде шешу үшін Үкімет техникалық реттеу туралы заңның жаңа редакциясындағы жобасын әзірлеп, Парламенттің қабылдауына ұсынды. Заң жобасын әзірлеу кезінде біздің негізгі міндетіміз тұтынушыларды қауіпті өнімнен қорғап қана қоймай, бақылау іс-шараларын жүзеге асыру кезінде оларға артық жүктеме көрсетпей, отандық тауар өндірушілерді қолдау тетіктерін енгізе алатын жаңа нормативтік базасын құру болды», - деді министр.

Осы орайда Б. Сұлтанов заң жобасының негізгі ережелеріне тоқталды.

Бірінші – мемлекеттік бақылау кезінде жедел ден қою тетігін енгізу. Бұл мәселедегі заңнамалық жаңалық – субъектілердің бақылауынан объектілердің бақылауына көшу. Яғни өндіруші немесе сатушы емес, өнімнің өзі тексерілетін болады. Ол үшін зертханаларда сынақ жүргізу үшін адам өміріне қауіпті өнім үлгілерін сатып алу рәсімдері енгізіледі.

Қауіпті өнімнің отандық нарықтағы айналымының шұғыл жолын кесу мақсатында заң жобасында Кәсіпкерлік Кодекске сәйкес жедел ден қоюдың екі шарасы көзделеді.

«Бұл расталған сынақтардың нәтижелері бойынша қауіпті өнімді алып қою және сертификаттаудан өтпеген немесе сертификаты жоқ өнімді айналымға шығаруға тыйым салу. Бұл ретте заң жобасы жаппай бақылауды көздемейді. Объектілер ақпараттық базада «онлайн» режимде қадағаланатын болады. Жедел ден қою шаралары бұлтартпайтын дәлелдер болған кезде ғана қолданылатын болады, ал өнімді айналымға шығаруға тыйым салу анықталған заң бұзушылықтар жойылғанға дейін қолданылады», - деді ведомство басшысы.

Екіншіден, сәйкестікті бағалау рәсімдерін жетілдіру, сертификаттау процестерін цифрландыру ескерілген.

Үшіншіден, салалардағы техникалық реттеуді күшейту қарастырылған.

Еуразиялық экономикалық одақ аясында келіссөздер позициясын сапалы қалыптастыру мақсатында салалық мемлекеттік органдар жанында Сараптамалық кеңестер қызметін қайта құру көзделуде.

Ұлттық техникалық регламенттерді әзірлеудің тәртібі қайта қаралады.

Бизнес үшін ерікті сертификаттау жүйесін құрудың құқықтық тетігі белгіленеді.

«Қазақстанда тиісті зертханалық практиканы дамыту мәселесіне аса көңіл бөлінеді. Бұл Экономиқалық ынтымастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінде қазақстандық сынақ хаттамаларын тануға серпін береді.

Аталған нормалар қазақстандық тауарларды сыртқы нарыққа шығаруға, отандық өндірушілердің бәсекелестік артықшылығын және Қазақстанға тиімді позицияларды кәсіби түрде қорғауға бағытталған», - деді Бақыт Сұлтанов.

Сонымен қатар, Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне техникалық реттеу, кәсіпкерлік, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және төлемдер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды.


Соңғы жаңалықтар