Ұлттық статистика бюросының Астана мен Ақмола облысы бойынша басшылары тағайындалды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Астана қаласы мен Ақмола облысы бойынша аумақтық департаменттеріне жаңа басшылар тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елордалық статистика департаментін басқару Аида Исабековаға тапсырылса, Ақмола облысы бойынша бюро департаментінің басшысы лауазымына Расул Ерғалиев тағайындалды.

Аида Исабекова 2000 жылы М. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «халықаралық экономика қатынастары» мамандығымен аяқтаған, сондай-ақ аталған оқу орнының «құқық» бойынша дипломы бар. 2016 жылы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында экономика және бизнес магистрі дәрежесін алды.

Еңбек жолын «Ақпараттық-есептеу орталығында» құрылыс және инвестициялар статистикасын ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің маманы болып бастаған. 2002-2014 жылдары ҚР Статистика агенттігінде әртүрлі лауазымдар атқарды.

2014-2018 жылдары – ҚР ҰЭМ Статистика комитеті басқармасының бас сарапшысы. 2018-2019 жылдары – ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің Түркістан облысы бойынша статистика департаменті басшысының орынбасары. 2019 жылдан бастап Астана қаласы бойынша департамент басшысы лауазымына тағайындалғанға дейін осы аумақтық бөлім басшысының орынбасары болып еңбек етті.

Расул Ерғалиев 1999 жылы Көкшетау гуманитарлық-экономикалық университетін «қаржы және несие» мамандығы, 2004 жылы Солтүстік Қазақстан заң академиясын «құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын ҚР Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Жер қойнауы статистикасы басқармасының талдау және болжау бөлімінің маманы болып бастаған. Онда қарапайым маманнан бас инженер лауазымына дейін өсті.

2007 жылдан Ақмола облысы әкімі орынбасарының бас маман-консультанты болып жұмыс істеді. 2009 жылдан 2015 жылға дейін Ақмола облысы бойынша салық органдарының құрылымында еңбек етті.

2015 жылдан осы лауазымға тағайындалғанға дейін Ақмола облысы бойынша статистика департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарды.


Фото: gov.kz


Соңғы жаңалықтар