Ұлттық спортпен айналысатындардың саны 500 мыңға жақындады

None
None
НҰР-СҰЛТАН.ҚазАқпарат – Кейінгі 7 жылда Қазақстанда ұлттық спорт түрлерімен айналысатын спортшылардың саны 211 665 адаммен толыққан. ҚазАқпарат ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ресми мәліметтеріне сүйене отырып, елдегі ұлттық спорттың даму барысына талдау жасады.

Министрлік мамандары ұсынған статистика бойынша, кейінгі жеті жылда елімізде ұлттық спорт түрлерімен жүйелі түрде айналысатындардың саны айтарлықтай жылдам өсіп келеді.

2020 жылы олардың саны 432,4 мың болса, 2021 жылы 489,9 мың болған.

Яғни, бір жылда 57,7 мың адам қатарға қосылған. Бұл - елдегі спортпен айналысатын халықтың 8 пайызы деген сөз.

Кейінгі жеті жылдағы динамикаға қарасақ, ұлттық спортқа бет бұрғандардың саны 2017, 2019 және 2021 жылдары ерекше өскен. 2015 жылы олардың саны 278 235 адам болса, 2016 жылы 299 682-ге жеткен.

Ал 2017 жылы 343 303 адам болса, 2018 жылы 375 926 адам болған. 2019 жылы ұлттық спортты таңдағандардың қатарына тағы 24 431 адам қосылып, жалпы саны 399 357-ге жеткен.

Мұндай оң динамикаға ең әуелі әлем бойынша көшпелі өркениеттің ұлттық ойындарына деген қызығушылықтың артуы себепкер болып отыр деуге болады.

Көшпенділер ойындарын өткізуді қолға алып, көкпардан халықаралық деңгейде өтетін жарыстарды «кок бору» ережесі бойынша ұйымдастыруды жолға қойған бауырлас Қырғыз Республикасында қазір осы этноспорттың арқасында туризм жақсы дамып отыр.

Биыл респбуликалық бюжеттен ұлттық спортты дамытуға 150 млн теңге қарастырылған.

Бұл қаражат Қазақстан құрамасын қыркүйек-қазан аралығында Түркияда өтетін 4 Дүниежүзілік көшпенділер ойынына апаруға, спортшылардың ұлттық спорт түрлерінен өтетін Азия чемпионаттарына, халықаралық кубоктар мен жарыстарға қатысуын қамтамасыз етуге, республикалық деңгейдегі жарыстар өткізуге жұмсалмақ.

Бұл жерде ұлттық спорт санатына спорттың 9 түрі кіретінін айту керек.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің 2021 жылғы 26 ақпандағы №52 бұйрығы бойынша, ұлттық спорт тізіміне аударыспақ, асық ату, бәйге, жамбы ату, жекпе-жек, көкпар, қазақ күресі, құсбегілік және тоғызқұмалақ еніп отыр.

Бір бапкерге 155 көкпаршыдан келеді

Биыл қыркүйек айында Шымкентте көкпардан Әлем чемипонатын өткізу жоспарланған. Елдегі ұлттық спортпен шұғылданатын 489 930 адамның 53 971-і көкпарды таңдаған екен.

Оларға жалпы жиыны 348 бапкер тәлім беріп жүр. Орта есеппен алсақ, бір бапкерге 155 көкпаршыдан келеді. Аталған 348 бапкердің 78-і ғана штатта жұмыс істейді.

Министрлік мамандары редакцияның сауалына жолдаған жауабында былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, елімізде 772 көкпар үйірмесі жұмыс істеп тұрғанын айтады. Көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасының сапында 19 спортшы бар.

Жергілікті әкімдіктердің Мәдениет және спорт министрлігіне берген мәліметтері бойынша, Қазақстанда 45 атшабар бар. Оның 33-і мемлекет меншігінде.

Қалған 12-сі жеке меншіктің иелігінде. Елдегі ең ірі атшбаралар Алматы және Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан.

Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында жабық ат спорты манежі салынып жатыр. 2020 жылы Ақтөбе облысында ат спорты манежі салынса, биыл қыркүйекке дейін Шымкентте ұлттық ат спортына арналған базалар салынып бітуі керек.

Осындай базаларды Павлодар мен Қарағандыда салу жоспарда бар.

Ұлттық спорт дегенде ойымызға ең әуелі бәйге мен көкпар келетіні бар. Түркі тілдес ұлттарға ортақ ойынға қазақпен бірге қырғыз ағайындардың да ықыласы алабөтен.

Содан болса керек, «кок бору» деген ресми атау беріп, төл спортын халықаралық деңгейде дамытуға күш салып жүр. Мұндай әрекеттер қазақ халқының арасында «көкпарды қырғыздар UNESCO деңгейінде патенттеп алыпты» деген алыпқашпа әңгіменің тарауына түрткі болды.

2018 жылы «Кок бору» ойыны Қырғыз Республикасының атынан UNESCO-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының жиынтық тізіміне алынған болатын. Бұл туралы сауалымызға Мәдениет және спорт министрлігі мынадай жауап жолдады.

«Көкпар» әр халықта әр түрлі аталады. Мысалы, қырғыздарда «Кок бору», өзбектерде «Улак-тартыш», тәжіктерде «Бузкаши», ауғандарда «Улак-купкари». Бүгінде халықаралық деңгейде «World Kokpar Association» ұйымы жұмыс істейді. Көкпар спорты дәстүрлі түрде дамып келе жатқан елдерде жарыстардың бәрі осы ұйымның регламенті бойынша өтеді. «Көкпарды» Қырғыз Республикасының патенттеп алғаны туралы мәліметке келсек, ешбір спорт түрін патенттеу мүмкін емес. Спорт түрінде қолданылатын құрал-саймандар ғана патенттелуі мүмкін. Мысалы, футбол добы, ысқырауық, штанга сияқты құралдарды патенттеуге болады. Бірақ тұтас бір спорт түрін патенттеп алуға жол жоқ», - деп жазылған ведомствоның жауабында.

Соңғы жаңалықтар