Ұлттық спорт түрлерінен «Қызылжар-2022» фестивалі өтті
2022 жылғы 27 маусым 23:07

Ұлттық спорт түрлерінен «Қызылжар-2022» фестивалі өтті

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында ұлттық спорт түрлерінен «Қызылжар-2022» фестивалі өтті. Өңірлік жарысқа 700-ден астам спортшы қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, облыстық фестиваль биыл Шал ақын ауданы Сергеевка қаласында өтті.

Іс-шараны ұйымдастырушылар ұлттық спорт мерекесін әсерлі, есте қаларлықтай өткізуге тырысқан. Үш күнге шақталған облыстық фестивальге 13 ауданнан 700-ден астам спортшы қатысты. Олар қазақ күресі, асық ату, тоғызқұмалақ, аударыспақ, теңге алу, жекпе-жек секілді спорттың 12 түрінен сайысты. Жарыс 26 маусым күні көкпар ойындары мен түрлі қашықтықтағы ат жарысымен аяқталды.


Көкпардан Ақжар ауданының спортшылары көш бастап, финалдық ойында Тайынша ауданының командасын жеңді. Қола медаль осы жолы жамбылдықтарда. Теңге алу бойынша қызылжарлықтар көш бастады, олар командалық есепте жарыс түрлерінен және армерестлингтен бірінші орын алды.


Қазақ күресінен шалақындық балуандарға шыдас берер ешкім болмады. Олар сондай-ақ тоғызқұмалақ, жекпе-жек және бес таста командамен «алтын» жеңіп алды.

Түйепалуандардың сайысында Уәлиханов ауданының командасы алтыннан алқа тақты. Аударыспақ бойынша Аққайың ауданының спортшылары, асық атудан жамбылдықтар жеңіске жетті.

Ал барлық сайыстың қорытындысы бойынша Шал ақын ауданының командасы «Қызылжар-2022» ұлттық спорт түрлері фестивалінің чемпионы атанды. Екінші орынды ақжарлықтар, үшінші орынды Қызылжар ауданы иеленді.

Дәстүрлі фестиваль келесі жылы Қызылжар ауданында өтпек.




Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT