Ұлттық спорт түрлерін мектеп бағдарламасына енгізу тәртібі айқындалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ұлттық спорт түрлерін мектеп бағдарламасына енгізу қадамдарын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Ерік Сұлтанов білім беру бағдарламасына ұлттық спорттың қай түрлері енетінін және бұл қадамдар қалай жүзеге асырылатынын сұрады.

«Жалпы, ұлттық спорттың 20-дан астам түрі бар. Заң жобасы бойынша білім беру ұйымдарына ұлттық спорт түрлерін оқу бағдарламаларына міндетті компонент ретінде енгізу туралы жұмыс пысықталып жатыр. Осы орайда кезең-кезеңмен іске асыру қадамдары қарыстырылып отыр. Қазіргі кезде тиісті тектіктер ескеріліп, нормативтік-құқықтық актілер әзірленді», - деді министр

Оның айтуынша, ең алдымен білім беру ұйымдарында асық ату, тоғызқұмалақ, қазақ күресін енгізу жоспарланып отыр.

«Сонымен қатар, аударыспақ, көкпар, жамбы ату, жекпе-жек сияқты ұлттық спорт түрлерінен оқушылар денсаулығына зақым келмейтін жаттығулары мен элементтерін енгізу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, бұл қадамдар кезең-кезеңмен іске асырылады. Қазіргі кезде қанатқақты жоба ретінде Нұр-Сұлтан қаласында қазақ күресі ұлттық спорт түрін орта білім мектептерінде енгізу қарастырылып отыр», - деді А. Райымқұлова.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды.

Бұл құжатта ұлттық спорт түрлерін дамыту, оларды жас буынға мектеп кезінен бастап насихаттау мәселелеріне де ерекше назар аударылған.


Соңғы жаңалықтар