«Ұлттық рухты әскери символға қалай сыйғызамыз?!» - республикалық басылымдарға шолу

None
None
АСТАНА. Мамырдың 7-сі. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда мамырдың 7-сі, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Кеше Мемлекет басшысы - Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев кеше Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында Қараөткел кентіндегі әскери қалашық пен астаналық №44813 әскери бөлімде болды. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінің жұма күнгі санында «Отан қорғау отбасынан басталады» деген тақырыппен мақала басылды. Басылымның жазуынша, алдымен Елбасы әскери қалашықтың жобасымен танысып, әскери қызметшілер отбасыларының орналасуын сұ­рап білген. Содан кейін әскери қызмет­ші­лерге тұрғын үйлердің кілттерін салтанатты жағдайда табыс екен. «Бұдан кейін Мемлекет басшысы - Қа­ру­лы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев, жоғарыда атап көр­сетілгеніндей, елорданың әуе қорғанысын қамтамасыз ететін №44813 әскери бөліміне атбасын бұрды», деп жазады басылым. Онда Елбасы бірінші кезекте атал­ған әскери бөлімнің жауынгерлік дайын­дығының деңгейімен жан-жақты танысқан.

Мемлекет басшысының аталған жерлерге сапары жайында «Айқын», «Алаш айнасы», «Экспресс-К», «Литер», «Известия-Казахстан» газеттерінде де кеңінен жазылған.

«Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Грузия Сыртқы істер министрі Григол Вашадземен кездесті», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті ҚР Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесу барысында екі жақты сауда-экономикалық қатынастардың алдағы даму мәселелері, соның ішінде - қазақстандық инвестицияның Грузия экономикасының әр түрлі салаларына тартылуы мен көлік, энергетика және инфрақұрылымның дамуындағы ықпалдастықтың кеңеюі мәселелері талқыланды.

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде ҚР Президентінің жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер беру туралы Жарлығы жарық көрді. Жарлыққа сәйкес еліміздің бірқатар азаматтары генерал-полковник, генерал-лейтенант, генерал-майор әскери атақтарын, авиация генерал-лейтенанты, авиация генерал-майоры, полиция генерал-майоры арнаулы атақтарын және 1-ші сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі шенін алды.

***

«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі нөмірі толығымен Отан қорғаушы күніне арналған. Мәселен «Ұлттық рухты әскери символға қалай сыйғызамыз?!» деген тақырыппен жарияланған мақалада тарихта империя болған мемлекеттер әскерін тарихи рәміздермен, әйгілі қолбасшыларының даңқты дәстүрімен, тіпті дінбасыларының жолымен қанаттандырып, рухын жанып отыратындығын, көзсіз батырлығы үшін берілетін жоғары наградалар, орден-медальдар, әскери оқу орындары баһадүрлерінің есімімен аталатындығын алға тартып, ал бізде бірде-бір орден-медаль ту байлап, жауға шапқан ақберен батырлардың есімімен аталмайтындығына қынжылыс білдіреді. «Неге бізде де аты аңызға айналған Жанай батыр, Қарасай батыр, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Ағынтай, Саңырық, Тайлақ, Өтеген, Сұраншы, Сеңкібай мен Шойбек, Малайсары, Райымбек, Жәнібек, Малайсары, Баян, Сырым, Исатай, Махамбет, Бауыржан Момышұлы атындағы әскери наградалар тағайындамасқа? Дұшпанмен ұрысқа атойлап кірген Керей, Жәнібек, Қасым, Хақназар, Тәуекел, Тәуке, Абылай, Әбілқайыр, Кенесары хандардың есімін әскери атақтарға, әскери оқу орындарына неге еншілемеске?», деп жазады басылым.

«7 мамыр - Отан қорғаушылар күнін мемлекеттік мерекеге айналдыру керек пе?». «Алаш айнасы» газетінің «Ой-көкпар» айдарының бүгінгі осылай қойылыпты. «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңның 1-бабына сәйкес елімізде мерекелер ұлттық, мемлекеттік және кәсіби мерекелер болып бөлінеді. Ұлттық мерекелер еліміздің дамуына елеулi ықпал еткен, ерекше тарихи маңызы бар оқиғалардың құрметiне белгіленсе, мемлекеттік мерекелер қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға арналған. Ал кәсіби мерекелерге ұлттық және мемлекеттiк мерекелер мәртебесi берiлмесе де, азаматтардың жекелеген санаттары атап өтеді. Сондай-ақ ұлттық және мемлекеттік мерекелерде арнайы мерекелік демалыс жарияланады. Соның ішінде 8 Наурыз - халықаралық әйелдер күні мемлекеттік мереке ретінде тойланса, ер-азаматтар мерекесі саналатын 7 мамыр - Отан қорғаушылар күні кәсіби мереке дәрежесінде ғана», деп жазған басылымның жоғарыдағы сауалына берген мамандардың жауабын оқығыңыз келсе, басылымға назар аударыңыз.

«Қазақстан Үкіметі мен Қорғаныс министрлігіне қарасты Қарулы Күштердің басшылығы әскер қатарындағы сарбаздардың материалдық-техникалық жағдайын әрқашан жіті назарда ұстауда», деп жазады «Алаш айнасы» газеті «Жауынгерлер халал ас ішеді» деген тақырыппен берілген мақаласында. Жалпы әскер азығының құнарлылығы 4011 ккалдан 4351 ккалға жеткен. Айта кетерлігі, біздің сарбаздардың азық құнарлылығы Ресей әскерлеріне қарағанда, белгілі мөлшерде жоғары тұр. Бұл бағытта ұлттық тағам ерекшеліктері де ескерілген. Қарулы Күш сарбаздарының дені мұсылман болғандықтан, белгіленген тамақ нормасы қатарынан шошқа еті мүлде алынып тасталған. Яғни қазақ сарбазы халал тамақпен азықтанады.

***

«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - қырғыз саясаткері Бермет Ақаевамен арадағы сұхбат «Қырғызстанда оңтүстік пен солтүстікке бөліну - халыққа емес, саяси элитаға ғана тән нәрсе» деген тақырыппен берілген. Басылымның сан түрлі сауалдарына тұщымды жауап берген қырғыз саясаткері Қырғызстандағы соңғы оқиғалардың түпкі себебі не деген сауалға «Ел алдымен, меніңше сәуір оқиғаларының басты себебі - республиканың қиын әлеуметтік-экономикалық жағдайға душар болғаны. Соңғы бірнеше жылда халықтың әл-ауқаты сын көтермейтіндей жағдайға түсті. Ал биылғы жылдың қаңтар айынан бастап жағдай тіпті ушығып кетті. Себебі жаңа тарифтер қойылып, баға көтерілді», деп жауап беріпті. Екеуара әңгіменің толық нұсқасын газеттің жұма күнгі санынан егжей-тегжейлі оқи аласыздар.

«Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов Кеңес Одағының Батыры Тоғанбай Қауынбаев пен «Даңқ» орденінің толық иегері Қарабай Қалтаевқа Шымкент қаласының орталығынан кең де жарық пәтер сыйлады», деп жазады «Айқын» газеті. Екі батырдың жаңа пәтерлеріне құтты болсын айта келген әкім қазақтың ежелден бері келе жатқан жолын сақтап , батырлардың отбасына сыйымдылығы мол тоңазытқыш пен ең соңғы үлгідегі теледидар тарту еткен.

***

«Экономикалық даму және сауда министрлігі Кедендік одақ мәселелері бойынша консультативтік кеңестің құрылғаны туралы жария етті», деп жазады «Экспресс-К» газеті.

Аталған жайт төңірегіндегі мағлұматтарды басылымның бүгінгі нөмірінде жарияланған мақаладан оқи аласыздар.

Соңғы жаңалықтар