«Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы: жастарға мүмкіндік, ұлттық код және мәдени жаңғыру

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл 13 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық жобалар тізбесін бекіту туралы Жарлыққа қол қойды. Оның негізінде 10 нақты Ұлттық жоба анықталды. Соның бірі - 2021-2025 жылдарға арналған «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы. Аталған жобаның міндеттері қатарында зияткерлік әлеуетті дамыту, қазақ тілінің дамуына жағдай жасау, жастар үшін жаңа мүмкіндіктерді ашу секілді мәселелер бар. Ұлттық жобаның нақты мақсат-міндеттері мен бағыттары және іске асыру тетіктері туралы ҚазАқпарат сарапшысының материалынан оқи аласыздар.

«Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы 3 бағыт, 7 міндет, 21 көрсеткіш, 66 ауқымды іс-шарадан тұрады. Жобаның негізгі мақсаты – Ұлттық кодты сақтап, мәдени бірегейлікті жаңғырту, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді насихаттау арқылы қоғамның мәдениетін, талғамын және рухын көтеру. Сонымен қатар, жастарға жаңа мүмкіндіктер ашып, олардың түрлі бастамаларын жан-жақты қолдауды көздейді.

Жобаға 119 миллиард теңге жұмсалмақ

Биылғы жылдың қазан айында орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева «Ұлттық рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға 119 миллиард теңге жұмсалатынын, оның 110 миллиард теңгесі республикалық бюджеттен, 9 миллиард теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінетінін жеткізді. Нақтырақ айтқанда, 2021 жылы– 27 797 417 мың теңге, 2022 жылы – 26 695 141 мың теңге, 2023 жылы – 23 416 984 мың теңге, 2024 жылы – 20 781 813 мың теңге, 2025 жылы – 20 683 911 мың теңге жұмсалады.

«Шын мәнінде, бұл адамдардың санасына инвестиция салу, оның қайтарымы қоғам өмірінің барлық саласында атап айтқанда, экономикада, әлеуметтік салада, мәдениетте, білім беруде көрінеді. Әр теңгені мамандар егжей-тегжейлі есептеп, әр жоба қаржылық сараптамадан өтті. Сонымен қатар, бұл жобаларды жүзеге асыру барысы тұрақты бақылауда болады», - деді Аида Балаева.

Бірінші бағыт - «Рухани жаңғыру» құндылықтарын ілгерілету. Бұл бағыт елдің зияткерлік әлеуетін және мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға бағытталған. Ол сапалы контентті ұлғайту арқылы іске асырылатын болады. Аталған бағыт бойынша 38 жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың түпкі мақсаты – ұлттың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін қолдау және дамыту. Бұл мәселеде бірқатар ауқымды жобалар қарастырылып отыр. Атап айтқанда, мемлекеттік тілді оқыту бойынша инновациялық АТ-өнімдерін әзірлеу, танымал анимациялық және танымдық арналарды қазақшалау, орта білім берудің тілге қатысты бағдарламаларына өзгерістер енгізу, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары үшін қазақ тіліндегі оқулықтар әзірлеу сияқты жүйелі іс-шаралар бар.

«Ұлтты сақтау» дегеніміздің өзі тілді сақтап, дамыту екені белгілі. Бір сөзбен айтқанда, мақсатымыз – қоғамдағы қазақтілді ортаны барынша кеңейту, оны тұрмыста ғана емес, ғылым мен білімнің, бизнес пен әлеуметтің тіліне айналдыру», - деді елордада өткен баспасөз мәжілісінде Аида Балаева.

Екінші бағыт - «Ел рухы». Аталмыш бағыт бойынша мәдениет саласында көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ отандық өнімдерді, оның ішінде шет елдерде ілгерілету бойынша шаралар кешені қамтылады. Ол үшін 2025 жылға қарай 5 нақты нәтижеге қол жеткізе отырып, 13 ірі іс-шараны ұйымдастыру жоспарланған. Оның ішінде жаңа мәдени объектілерді салу арқылы ауыл және шалғайдағы елді мекен тұрғындарының 92,5%-ын мәдениет саласы қызметтерімен қамту. Жалпы, мәдениет нысандарына бару санын екі есеге, ал халықтың мәдениет саласындағы қызметтер сапасына қанағаттану деңгейін 75%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр. Осы мақсаттар үшін 250 жаңа мәдениет нысаны салынады және жұмыс істеп тұрған 1200 мәдениет объектісі күрделі жөндеуден өтеді. Сонымен қатар, елдің шығармашылық әлеуетін тікелей қолдау арқылы отандық мәдени өнімді толықтыру жүйесі құрылады. Оның ішінде кинопрокаттағы отандық фильмдердің үлесін 25%-ға дейін арттыру, «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің базасында шамамен 40 анимациялық фильм шығару көзделген. Ол да жаңадан құрылатын болады. Сондай-ақ, шығармашылық бағыттағы талантты тұлғалардың 150 жобасын қолдау жүзеге аспақ.

Үшінші бағыт – «Тәуелсіздік ұрпақтары». Ұлттық жобаның бұл бағыты ел жастарына арналады. 2025 жылға дейін жастарды сапалы және қолжетімді біліммен, жұмыспен және тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жастардың жан-жақты дамуына, рухани жетілуіне, адамгершiлiк және отбасылық құндылықтарды сақтауына құқықтық жағдай жасау қарастырылған. Сондай-ақ, жастарды қоғамдық пайдалы қызметке тарту көзделген. Осы мәселелерді шешу үшін 8 нақты көрсеткіш, 15 ірі жоба іске қосылады. Аталмыш бағыт нәтижесінде кемінде 800 мың жасты тұрғын үй жинақ жүйесімен қамту жүзеге асырып, 1 млн жас әлеуметтік қызметтерімен қамтылады. Одан бөлек, барлық бағдарламалар бойынша жас отбасылар үшін займ үлесі 25-ке дейін ұлғайып, 1,5 млн жас бұқаралық спортпен және экологиялық жобалармен қамтылады.

«NEET» жастар санатын қолдау шараларына ерекше назар аударғым келеді. Онда біз жұмыссыз жастар санын 5%-ға дейін қысқарту бойынша нақты міндет қойып отырмыз. 2025 жылға қарай жастардың мемлекеттік қолдау шараларына қанағаттану деңгейі 80%-ға дейін артады. Оны іске асыру үшін үш бірдей министрліктің күші жұмылдырылып, нақты нәтижелерге қол жеткізетін боламыз», - деді Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Аида Балаева.

Сонымен қатар, «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасын жүзеге асыруға «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы да өз үлесін қосуда. Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Динара Тайбасарқызының айтуынша, «Balapan» телеарнасымен бірлесе, «Жас Ұлан» мультхикаясы дайындалып, жақын арада көрерменге жол тартады. Сондай-ақ, қазақ тілінде балаларға арналған «Гринейктер хикаясы» атты ертегілер жинағы әзірленген.

«Бұл ертегілер жинағы «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері (ӨКМ) операторымен» бірлесіп, дайындалды. Аталған жинақ қазақ және орыс тілінде 5 бөлімнен тұрады. Бұл балалар мен жасөспірімдер арасында экологиялық білім мен мәдениетті арттыруға бағытталған. Сондай-ақ, «Өркендеу» жобасы қолға алынды. Жоба жас ұрпақтың бойында отбасылық құндылықтарды қалыптастыру және оны дамытуға бағытталып отыр. Жоба шеңберінде «Ата мектебі», «Әже мектебі», «Әке мектебі», «Ана мектебі», «Аға мектебі» және «Жеңге мектебі» сынды тәрбие мектептері құрылып, тәрбие жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деп атап өтті бірлестік төрайымы.

Ұлттық жоба міндеттері:

Қазақстандық бірегейлік пен зияткерлік әлеуетті дамыту – халықтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасына тартылуы, патриотизм сезімін арттыру

Мәдениет объектілеріне келушілер санын ұлғайту

Мәдениет саласындағы көрсетілетін қызметтердің сапасына халықтың қанағаттану деңгейін көбейту

Мемлекеттік қолдау шаралары туралы жастардың хабардар болу деңгейін арттыру

Жастар арасында волонтерлік мәдениет деңгейін арттыру

Айта кетейік, «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасын Ақпарат және қоғамдық даму, Мәдениет және спорт және Білім және ғылым министрліктері жүзеге асырады. Жоба ұлттық кодты сақтап, мәдени бірегейлікті жаңғырту, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді насихаттау арқылы қоғамның мәдени денгейін, талғамын және рухын көтеруді көздейді.

Авторы: Венера Жоламанқызы


Соңғы жаңалықтар