+7 (701) 759 90 19
USD 445.84 EUR 490.47
RUB 5.73 CNY 62.87
Jańalyqtar

Ұлттық рухани жаңғыру - Отан тарихын зерделеумен маңызды

2020 жылғы 23 ақпан 15:05
Бөлісіңіз:
Ұлттық рухани жаңғыру - Отан тарихын зерделеумен маңызды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші жаңғыруы 1991 жылы Совет Одағының қирандысынан шығып, өз жолымызды дербес мемлекет ретінде бастағанымыздан басталған болатын. Екінші жаңғыру «Қазақстан-2030» стратегиясының қабылдануымен және жаңа елорда - Астананың салынуымен басталды. Үшінші жаңғыру Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен жалғасын табуда. Ұлт санасының жаңғыруын мақсат еткен, үлкен екі бөлімнен тұратын мақаланың екінші жартысында Елбасы кез келген жаңғырудың ең алдымен Ұлттық болмысқа, дәстүрдің замана сынынан сүрінбей өткен озығына негізделуін қадап айтып отыр. Бұл іргелі мақаланы халық Мәңгілік Ел мұратын жүзеге асырудың түп негіздерін көрсетіп берген тұжырымдамалық бағдарлама ретінде қабылдауда.

Бұл халқымызға рухани жол көрсететін нақты бағдар екеніне күмән жоқ. Нағыз ұлттық жаңғыру тек Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгенде ғана, Елбасының ұзақ мерзімді стратегиясының негізінде басталды деп айтуға болады.

Осы орайда журналист Махат Садық ҚР Білім және ғылым министрлігі Мемлекет тарихы институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты ҚАНАТ Еңсеновпен сұхбаттасқан еді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында академик Манаш Қозыбаев Үкіметтік қолдау нәтижесінде, Отан тарихының күрделі де өзекті мәселелерін айшықтауда идея беруші және ұйымдастырушы ретінде, басты мәселелерге зерттеушілер назарын аудартуда және әлемдік өркениет тарихында тәуелсіз Қазақстанның өз орнын көрсетуге негізделген ғылыми ізденістер стратегиясын әзірлеуді ұйымдастырды. Тарихты жаңаша көзқараспен қарастыруда бұрынғы өктемшіл көзқарастағы тарихи оқиғаларды қайта қарауда, қазақ мемлекетінің территориялық тұтастығының қалыптасуы, азаттық күрес, Қазақстанның Ресей құрамына енуі, казармалық социализм жағдайындағы Қазақстан халқының ахуалына қатысты концептуалды тұжырымдамалар жасалды. Шетелдіктердің Қазақстан тарихына қызығушылығы артты. Қазақстан ғалымдары Сібір, Орал және Орталық Азия тарихшыларымен бірлескен зерттеулер жүргізді. 1988 жылы қараша айында «Орта Азия республикалары мен Қазақстандағы ауыл шаруашылығын ұжымдастыру тарихы» тақырыбында өткізілген бүкілодақтық ғылыми конференция жұмысының тарихи маңызы зор.

Нәтижесінде М.Қ. Қозыбаев басқарған біраз ғалымдар 1989 жылы «Вопросы истории» журналының бетінде қазақстандық қасіреттің көлемі мен зардаптары жөнінде «ақтаңдақтар ақиқатын» жариялап, ол әлем жұртшылығына аян болды. Отан тарихының басым бағыттары айқындалды. Тарихшылар жаңа көзқараспен жаңаша тұжырымдар жасауға жұмылдырылды. Қазақстан тарихының ақиқат беттерін ашатын алғашқы ғылыми-зерттеу тақырыптары бекітілді.

1990 жылдың 13 тамыз күні КСРО Президентінің «20-50 жылдарындағы саяси қудалау құрбандарының құқықтарын қалпына келтіру туралы» Жарлығы жарияланды. 1991 жылдың 12 қарашасында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысы негізінде құрамы танымал ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен құқық қорғау органдарының жетекшілерінен тұратын ҚР Жоғарғы Төралқасының Комиссиясы құрылып, тарихтың ақтаңдақ беттеріне қатысты архив материалдарына ден қойды.

Қанат Алексейұлы, тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейін, Қазақстан тарихын Кеңес Одағының біртұтас тарихының бір бөлшегі ретінде емес, әлемдік тарих, Еуразия, көшпелі өркениет, түркі халықтары, Орта Азия елдері дамуының контексінде қарастыру қажеттілігі туындағаны белгілі. Осы жәйттерді әңгімемізге арқау етсек?

1995 жылдың маусымында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңес, жаңа «Қазақстан Республикасындағы тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасын» қабылдады. Тұжырымдамада тарихты оқытудың өзекті мәселелері – тарихи ой-сананың басымдықтары, тарих ғылымының кейбір мәселелері мен тарих ілімінің перспективалары қарастырылды. Тарихшы қауым жаңаша көзқараспен жазылған 5 томдық «Қазақстан тарихы» академиялық басылымын жарыққа шығарды.

Қазақстанда Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен ұлттық рухани жаңғыру бағытында 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандар жаңғыртылды. Алыс және жақын шетелдерден көптеген архив деректері жеткізіліп, «Қазақстан тарихы Қытай деректерінде», «Қазақстан тарихы Парсы деректерінде», «Қазақстан тарихы Орыс деректерінде» деген атаулармен томдық кітаптар жарық көрді. Бұл расында өте жақсы жетістік. Егеменді елдің еңсесін көтеру үшін, ұлттық тарихты ұлықтау және жоғалғанды түгендеу аса маңызды мәселе ретінде күн тәртібіне қойылды.

Одан кейін 2011-2013 жылдардың аралығында «Ғылыми қазына» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылды. Мемлекет тарихы институты ғалымдары «Ұлы Дала тұлғалары» сериясымен бірқатар тұлғалардың ғұмырбаянына арналған ғылыми-зерттеу еңбектерін жарыққа шығарды. Айтулы жобаның аясында қазақ халқының қайраткер тұлғалары «Нұрсұлтан Назарбаев», «Жұмабек Тәшенов», «Ілияс Есенберлин», «Кәрім Мыңбаев», «Нұртас Оңдасынов» және тағы басқа тұлғаларға арналған ғылыми іргелі еңбектер жарық көрді. 2014 жылы «Халық – тарих толқынында» бағ­дарламасы арқылы әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелі түрде жинақталып, гранттық жобалар негізінде ғылыми-зерттеу жобалары жүзеге асырылды.

Қазіргі уақытта 2018 жылдан бастап «Мәңгілік Ел идеясы» мемлекеттік бағдарлама аясында да ғылыми-зерттеулер жүзеге асырылуда. Ғылыми жобалар археология, этнография және Отан тарихы бағытында бірқатар тақырыптарды қамтып, іргелі зерттеулер қолға алынуда.

2019 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұжымы және еліміздегі тарихшы ғалымдар бірлесе жұмыс жасап, «Ұлы Дала тұлғаларының 100 есімі» туралы еңбекті үш тілде (қазақ, орыс және ағылшын) дайындады. Оған Қазақ еліне ерекше еңбек сіңірген қайраткер тұлғалар енді. Мысалы, Абылай хан, Қабанбай батыр, Бөгенбай батыр және көнеден бүгінге дейінгі тұлғалардың есімдері аталады. Яғни, Ұлттық тарихты және ондағы дара тұлғаларды ұлықтау арқылы еліміз әлемге таныла түседі. Әлемдегі кез-келген мемлекет өзінің дара тұлғаларымен танылатындығы анық. Осы аталған еңбекке «Қабанбай батыр» туралы жазып, өз үлесімізді қостық.

Қабанбай батыр – XVIII ғасырда Қазақ хандығы әскерінің бас қолбасшысы болған және мемлекеттің ішкі және сыртқы істеріне араласқан даңқты тұлға екендігі анық. Бірақ, осы уақытқа дейін Қабанбай батыр туралы көлемді ғылыми-зерттеу еңбегі жарық көрмей келе жатыр. Бұл ойландыратын мәселе болғандықтан, бірнеше жыл бұрын материалдар жинақтап, еңбек жазуды бастаған едік. Әрине, оңай емес. Бірнеше ғасыр бұрынғы оқиғаларды қарастыру үшін көп ізденіс керек. Шетелдік архивтермен кітапханалардан материалдар қарау және Қабанбай батырдың 330 жылдығына іргелі ғылыми академиялық басылымды даярлау мақсатында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов мырзаға жобаны қолдау туралы хат жазғанбыз. Ұсыныс хатымыз қаралып, қолдау білдіріеді деп сеніп отырмыз.

Қазақ елі даңқты қолбасшы Қабанбай батырдың өмір жолы, ерліктері және халқымызды сыртқы басқыншылықтан қорғау жолындағы ерен еңбегін жақсы білуі қажет. Өйткені, жас ұрпақтың бойында патриотизмді қалыптастыру және ұлттық сананы нығайту үшін қажет. Яғни, Қазақ еліне ерекше еңбек сіңірген тұлғалар туралы «Ұлы Дала тұлғалары» сериясымен еңбектер шығуы керек. Ондай атқарылатын игі іс-шаралар елдігімізді нығайтып, тәуелсіздігімізді баянды ету үшін аса қажет.

Қазіргі жаһандану заманында Ұлттық тарихы мен тұлғаларын ұлықтаған ел ешқандай мемлекеттен кем болмайды. Демек, ХХІ ғасырда халқымыздың ұлттық рухани жаңғыра түсуі керек.

- Ұлттық рухани жаңғыру және этносаралық келісім мәселесі бүгінгі күні өте өзекті тақырыпқа айналып отыр. Бұл бағытта тарихшыларымыз тарапынан да зердеден өтіп, жан – жақты зерттелген дүниелер бар екендігінен хабардармыз. Осы өзекжарды дүниеге тоқталып өтсеңіз.

- Елбасы Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылына арналған Қазақстан халқының бірінші форумында жариялады. Мұндай институтты құру қажеттілігі саяси тұрғыдан, сондай-ақ жаңадан құрылған, тәуелсіз, полиэтносты, поликонфессиялық мемлекеттің тұрақты дамуы тұрғысынан туындаған еді. Бұл идея 1995 жылы жүзеге асып, Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен құрылған Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган ретінде құрылды.

Аталған бастама мәдениет аралық диалогты нығайтудың жаңа кезеңінің негізін қалап, этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік жасайтын әлемдік тәжірибедегі тың бағыт болып табылады. Жиырма жылдан асқан Ассамблея қарқынды дамып, елеулі өзгерістерді басынан кешірді. Оның дамуы барысында Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасты. Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйымдастырушы әлеуеті толысты, ол халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды. Бүгін Ассамблея ел Президенті Төрағалық ететін конституциялық орган болып табылады. Бұл оның ерекше мәртебесін айқындайды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2019 жылдың 2 қыркүйек күні Қазақстан халқына «Сындары қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» тақырыбында Жолдауын жолдады.

Президент Қ.К. Тоқаев өз Жолдауында Қазақстан Республикасындағы рухани жаңғыруға байланысты: «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып оты­руы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаң­ғыру­ларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады. Рухани жаңғыру тек бүгін басталатын жұмыс емес. Біз Тәуелсіздік кезеңінде бұл бағытта бірнеше ауқымды іс атқардық», - деп атап өтті. Сол Жолдауда Президент әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы келісім – бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі екеніне де назар аударған.

2006 жылы қабылданған «Ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің 2006-2008 жылдарға арналған қазақстандық үлгісінің бағдарламасында» елімізде ұлттар, ұлыстар мен этникалық топтардың өмір сүретіндігі аталып өтті. Бірақ оларды 130 ұлт пен ұлысқа бөлудің белгілері көрсетілмеген. Тіпті, Қазақстан Республикасының Конституциясы да азаматтарды ұлттық белгілерге қарап алалауға болмайтындығын ескертеді. Ендеше, Қазақстан халқы этникалық тұрғыдағы алуан түрлілігіне қарамастан, біртұтас жұрт болып табылады. Ал қазақтар болса – мемлекет құраушы ұлт. Бұл оның ұлттық артықшылығы емес, азаматтық ұстанымы. Сондықтан, өзге ұлт өкілдері бұған түсіністікпен қарайды, себебі бұл – біртұтас мемлекеттегі қарым-қатынас пен бейбіт қатар өмір сүрудің табиғи да тарихи заңдылығы. Онсыз мемлекетте қарама-қайшылықтардың қордаланып, дау-жанжалға ұласуы мүмкін.

Қазақстан жеріне әртүрлі кезеңдерде тағдырдың жазуымен қоныс аударып келіп, тұрақтанған өзге ұлт өкілдері баршылық. Олар бүгінгі күні әлемдік қауымдастыққа Қазақстан Республикасы атауымен енген елдің азаматтары ретінде өмір сүруде. Көпшілігі кеңестік тоталитарлық жүйе үстемдік құрған шақта күштеп көшірілген халықтар еді. Олар тағдырдың тәлкегіне ұшырап қуғындалып келгенде, жергілікті қазақтар өз жағдайлары аса мәз болмаса да, қолдан келген көмектерін жасап, аман-есен тұрып кетулеріне жәрдемдесті. Бірқатар ұлттардың өкілдері саяси қуғындау аяқталып, құқықтары қайта келтірілген уақытта Отандарына қайтты. Кейбіреулері тұрақтап қалды. Қазіргі уақытта олар Қазақстан азаматтары ретінде барлық салада еңбек етіп, елдің дамуына үлес қосуда.

Еліміздің тәуелсіздік алған уақытынан бері қазақ халқы өзге ұлт өкілдерімен саяси тұрақты және ұлтаралық келісімде өмір сүруде. Бұл ширек ғасырға жуық уақыт аралығында этносаралық қарым-қатынастың Қазақстандық үлгісінің қалыптасқандығын байқатады. Ал, елдегі азаматтардың ортақ Отан сүйгіштігі мен ұлтаралық келісімі, ол бейбіт және тату өмір сүрудің нәтижесінде қалыптасатындығы сөзсіз.

Қорытындылай келгенде, ұлттық тарихты зерделеудің өзі рухани жаңғыруға зор үлес қосатындығы анық. Еліміздің тарихында ашылмаған «ақтаңдақтар» әлі де бар. Тарихи оқиғалар, тұлғалардың ғұмырбаяны сияқты қарастыратын мәселелер жетерлік. Яғни, ұлттық тарихты түгендеу және зерделеу арқылы рухани жаңғыра түсетіндігіміз анық.

Қазіргі уақытта Абайдың 175 жылдығы және әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойларын атап өтудің де зор маңызы бар. Яғни, қазақ жерінен шыққан дара тұлғалардың даналығын, рухани шығармаларын насихаттау арқылы рухани жаңғыра түсу мәселесі ескерілген.

Ал, еліміздегі этносаралық қарым-қатынастың қазақстандық үлгісі елімізде саяси тұрақтылық пен бейбітшілігін сақталу жолында көптеген жұмыстар атқарып келеді. Қазақстанның көпэтностық ортадағы кеңістігінде сенім, келім мен өзара түсіністік үлгісі орнады. Қазіргі уақытта Қазақстан халқы Ассамблеясы, облыстық Кіші Ассамблеялар және көптеген этномәдени орталықтар қызмет атқарып келеді. Демек, олардың да қызметі республика халқының рухани жаңғыруы мен дамуына үлес қосатындығы анық.

Сұхбатыңызға рахмет!


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Махат Садық

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059
REDAKTOR
Алтынбек Кумарзак
Алтынбек Кумарзак
954-059

MURAǴAT