+7 (701) 759 90 19
USD 436.29 EUR 492.83
RUB 5.92 CNY 68.48
Jańalyqtar

Ұлттық рухани жаңғыру: Адами капитал ресурсын ұлғайтуда жаңа мүмкіндіктер жасалады

2021 жылғы 22 қазан 11:30
Бөлісіңіз:
Ұлттық рухани жаңғыру: Адами капитал ресурсын ұлғайтуда жаңа мүмкіндіктер жасалады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы 3 бағыт, 7 міндет, 21 көрсеткіш, 66 ауқымды іс-шарадан тұрады. Жобаның негізгі мақсаты – ұлттық кодты сақтап, мәдени бірегейлікті жаңғырту, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді насихаттау арқылы – қоғамның мәдени деңгейін, талғамын және рухын көтеру. Сонымен қатар онда жастарға жаңа мүмкіндіктер ашып, олардың түрлі бастамаларын жан-жақты қолдау ескерілген.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның айтуынша, бірінші бағыт - Елбасының бағдарламалық мақаласында қамтылған идеялардың «Рухани жаңғыру» құндылықтарын ары қарай ілгерілету .

Осы орайда мемлекеттік тілді дамыту міндеті жекелей белгіленген. Жалпы, осы блок бойынша 38 жоба жоспарланған. Олардың түпкі мақсаты - ұлттың шығармашылық әрі зияткерлік әлеуетін қолдау мен дамыту. Бұл бағыттың екінші маңызды міндеті – мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту. Өйткені, «ұлтты сақтау» дегеніміздің өзі – тілді сақтап, дамыту екені белгілі. Осы орайда бұл мәселеде бірқатар ауқымды жоба қарастырылып отыр.

«Атап айтқанда, мемлекеттік тілді оқыту бойынша инновациялық ІТ-өнімдер әзірлеу, танымал анимациялық және танымдық арналарды қазақшалау, орта білім берудің тілге қатысты бағдарламаларына өзгерістер енгізу, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары үшін қазақ тіліндегі оқулықтар әзірлеу сияқты жүйелі іс-шаралар бар. Бір сөзбен айтқанда, мақсатымыз – қоғамдағы қазақтілді ортаны барынша кеңейту, оны тұрмыста ғана емес, ғылым мен білімнің, бизнес пен әлеуметтің тіліне айналдыру», - деді министр.

Екінші бағыт - «Ел Рухы» деп аталады және мәдениет саласында қызметтердің қолжетімдігін арттыру бойынша іс-шаралар кешенін қамтиды, сондай-ақ шетелде отандық мәдени өнімді дәріптеп, танымал ету ескерілген.

Бұл мақсатта іріктелген 13 іс-шара және 2025 жылға қарай 5 нақты көрсеткішке жету жоспарланған. Осы орайда инфрақұрылымды дамыту, оның ішінде жаңа мәдени нысандарды салу арқылы мәдениет саласының қызметімен ауылдар мен шалғайдағы елді мекендердің 92,5 пайыз тұрғыны қамтылады. Мәдениет нысандарына тұрғындардың баруын екі есеге арттыру жоспарланған. Бұл мақсат үшін 250 жаңа мәдени нысан салынып, 1 200 нысан күрделі жөндеуден өткізіледі.

Елдің шығармашылық әлеуетін тікелей қолдау арқылы отандық мәдени өнімді жаңғырту жүйесі құрылады. Соның ішінде кинопрокаттағы отандық фильмдердің үлесін 25 пайызға дейін жеткізу, «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі базасында 40 анимациялық фильм жасау ескерілген. Мұнымен қоса, шығармашылық болашағы бар таланттардың 150 жобасына қолдау жасалмақ.

«Е-culture.kz» бірыңғай электронды платформа жобасына тоқталсақ, жоба отандық мәдениеттің барлық жетістіктеріне еркін режимде онлайн түрде қол жеткізуге мүмкіндік береді. Жер шарының кез келген нүктесінен, үйден шықпай-ақ, біздің мұражайлар мен театрларға, кітапханаларға және басқа да мәдени көрікті жерлерге баруға болады.

Үшінші бағыт – «Тәуелсіздік ұрпақтары» деп аталды және еліміздің жастарына арналады.

Жастарды мемлекеттік тұрғыдан қолдап, жағдай жасау – осы Жобаның негізгі мақсаттарының бірі. Ол жастардың рухани кемелденіп, кәсіби жетілуін көздейтін үш ауқымды міндетті қамтиды.

Атап айтқанда 2025 жылға дейін:

- жастардың базалық сұраныстарын шешу. Яғни, сапалы және қолжетімді білім беру, жұмысқа орналастыру және тұрғын үймен қамтамасыз ету;

- жастардың жан-жақты дамуына құқықтық жағдайлар жасап, рухани-адамгершілік және отбасылық құндылықтарға баулу;

- жастарды қоғамдық пайдалы істерге тартып, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиесіне жаңа мүмкіндіктер ашу.

Бұл мәселелерді шешу үшін 15 үлкен жоба қолға алынып, нәтижесінде 8 нақты көрсеткішке қол жеткізіледі.

Нәтижесінде, кемінде 800 мың жас тұрғын үй жинақтары жүйесін пайдалана алады, 1 млн-ға жуық жас қазақстандық әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етіледі, 1,5 млн-ға жуық жастар спорттық және экологиялық жобаларға тартылатын болады.

Мәдениет саласындағы жұмыстар

Ұлттық жобаны іске асыру үшін үш бірдей министрліктің күші жұмылдырылады, яғни Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Мәдениет және спорт министрлігі, Білім және ғылым министрлігі қамтылды.

Ұлттық жобаның мәдениет саласы бөлігінде келесі бағыттарды қамтиды:

1 бағыт - «Рухани жаңғыру» құндылықтарын ілгерілету және мемлекеттік тілді дамыту;

2 бағыт - «Ел рухы».

ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешовтің сөзіне қарағанда, аталған бағыттар аясында келесі міндеттер алға қойылды - мектеп жасындағы балаларды мәдени тәрбиемен қамту, «Оқитын ұлт» жобасы аясында халықтың кітап оқу белсенділігін арттыру, мәдениет саласында көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру және отандық мәдени өнімді танымал ету.

«Оқитын ұлт» жобасы аясында халықтың кітап оқу белсенділігін арттыру атты көрсеткішке сәйкес, министрлік 5 іс-шараны жүргізуді көздеді. Бұл шаралар тұрғындардың, соның ішінде балалар мен жасөспірімдердің оқу сауаттылығын арттыру мен кітап оқу мәдениетін дамытуға, отандық қаламгерлерді, соның ішінде жас ақын-жазушыларды мемлекет тарапынан ынталандыру мен қолдауға бағытталған.

Атап айтқанда, министрліктің қолдауымен 2007 жылдан бері тұрақты түрде жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Бір ел - бір кітап» оқу акциясы ендігі жерде жаңа форматта ұсынылады. Сонымен қатар, бүгінгі таңда кітапхананың оқырмандарға ұсынатын онлайн қызметін жетілдіру мәселесі өзекті. Осыған орай министрлік Қазақстан ұлттық электронды кітапханасының қызметін жетілдіру, модификациялау және оқырмандар үшін мобильді қосымшалар арқылы электронды кітапхананы қолжетімді ету жұмыстарын жүргізеді. Бұдан бөлек, өңірлердегі көпшілікке арналған кітапханалар «Әдеби өлкетану» жобасын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Осы ретте жоба аясында әрбір өңірге тиесілі әдебиеті мен ақын-жазушыларының шығармашылығын өзге өңірлердегі оқырмандарға таныстыру және насихаттау шараларына басымдық беріледі.

Мұнымен қоса, министрлік отандық қаламгерлерді ынталандыру мақсатында 2022 жылдан бастап «Үздік балалар шығармасы», «Жылдың үздік кітабы» байқауын ұйымдастырады. Сондай-ақ, отандық жас қаламгерлерге мемлекеттік қолдау көрсету, жаңа есімдерді ұлықтау мақсатында жас ақын-жазушыларға Президенттің арнайы «Айбоз» әдеби сыйлығы тағайындалады.

«Ел рухы» бағытында «Мәдениет объектілерімен және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз етілуінің өсуі, оның ішінде шалғай аудандарда», «Мәдениет саласындағы отандық цифрлық ресурстарға кіру санын арттыру», «Жаңадан шығарылған отандық анимациялық фильмдердің саны», «Қазақстандық кинопрокаттың жалпы көлеміндегі отандық фильмдердің үлесі», «Қолдау көрсетілген шығармашылық жобалар саны» мақсатты көрсеткіштері қарастырылған.

Министрлік ұлттық жобаның «Ел рухы» II-бағыты аясында Зағип және көзі нашар көретіндерге арналған кітапханалар қорын, соның ішінде мемлекеттік тілдегі қорды ұлғайту іс-шарасын жүргізуде. Бұл бағыттағы жұмыс еліміздегі мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін тең қолжетімділікті қалыптастыру және олардың әлеуетін іске асыру мақсатында 2025 жылға дейінгі кезеңді қарастырады. Осы бағыттағы жұмыстар еліміздегі зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапханалармен бірлесе жүргізіледі. Аталған кітапхана оқырмандарының негізгі ақпарат көзі - бедерлі-нүктелі шрифтпен, яғни Брайль қарпіндегі кітаптар.

Бұл ретте, министрліктің 2021-2023 жылдарға арналған бюджеттік жоспарында жыл сайын Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханаға брайль принтері мен брайльдің портативті тактильді дисплейлерін, материалдық емес активтерді сатып алу үшін және кітапхана қорын толықтыруға тиісті қаражат қарастырылған.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Руслан Ғаббасов

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT