Ұлттық парктердің үлкен әлеуетін пайдалана алмай отырмыз – Вице-министр

None
БУРАБАЙ. ҚазАқпарат – Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев ұлттық парктерде инфрақұрылым салу мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Экотуризм әлем бойынша қарқынды дамып келе жатқан саяхат түрі. Қазақстанның да экотуризмде үлкен әлеуеті бар, бірақ ұлттық парктерде қарапайым инфрақұрылымның жоқтығы кедергі болып отыр. Сондықтан, Асхат Раздықұлы (Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов – ред.), әкімдіктерде заңнамалық құзыреттің болмауына байланысты, елді мекендерден тыс жерлерде және ұлттық парктер аумағында туризм инфрақұрылымын дамыту бойынша өңірлердің құзыреттерін бекітуді қолдауды сұраймыз», - деді Ержан Еркінбаев туризмді дамыту мәселелері жөніндегі көшпелі алқа отырысында.

Спикердің айтуынша, ұлттық парктерді баланста ұстайтын Экология министрлігі инфрақұрылым салумен айналыспайды, оларға биоалуантүрлілікті сақтау міндеті жүктелген.

«Әкімдік те ұлттық парк аумағында құрылыс жүргізе алмайды, өйткені бұл жер әкімдік құзіретінде емес. Осыған байланысты туризмді дамытудағы ұлттық парктердің үлкен әлеуетін пайдалана алмай отырмыз», - деді Е. Еркінбаев.

Айта кетейік, өткен жылы 8 млн қазақстандық ел ішінде саяхаттаған және әрбір төртінші турист ұлттық парктерге барған. Қазақстанда 14 ұлттық парк тіркелген.

Бұған дейін вице-министр Алакөл жағалауын нығайту мен Балқаш жағалауын абаттандыруға қосымша қаражат керегін айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар