Ұлттық парктердің барлығы жыл соңына дейін даму тұжырымдамасын бекітеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл аяғына дейін елдегі ұлттық табиғи парктердің барлығы даму тұжырымдамасын бекітеді. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғанбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта біз әр ұлттық парктің тұжырымдамасын әзірлеп, бекітіп жатырмыз. Бірінші кезекте дамыған елдердің ұлттық парктеріндегі тәжірибелер мен үлгілерді алып, бізге енгізу көзделіп отыр. Алматы облысының таулы кластеріндегі 5 ұлттық парктің тұжырымдамасы әзірленіп, бекітілді. Ол өз нәтижесін беріп жатыр. Бақылау, өткізу тоспаларын автоматтандыру, онлайн төлемдер жасау, сапар орталықтарын салу және соқпақтарды абаттандыру жұмыстары жолға қойылған», - деген комитет төрағасының орынбасары Алматы облысында тұжырымдаманың алғашқы нәтижелері белгілі екенін атады.

«Қазір Алматы облысында тұжырымдамалар іске асырыла бастады. Іле Алатау паркінде тұжырымдама 40-45 пайызға іске асырылды. Ал Көлсай мен Шарын ұлттық парктерінде жұмыстар биыл басталды. Қанша пайыз екенін есептеген жоқпыз, бірақ қазірдің өзінде саяхатшылар абаттандыру нәтижелерін көре алады.

Басқа ұлттық парктер бойынша тұжырымдамалар түгел әзірленіп жатыр. Баянауыл, Көкшетау, Бұйратау ұлттық парктері бойынша бекітілді. Олар 2022 жылдан бастап іске асырыла бастайды. Жыл аяғына дейін елдегі 12 ұлттық парк бойынша тұжырымдама әзірлеп, бекіту жоспарланған», - деді Данияр Тұрғанбаев.


Соңғы жаңалықтар