Ұлттық парктерде визит-орталықтар мен этно-ауылдар ашылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Қазақстандағы экологиялық туризмді дамыту жоспарын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Туризмдегі өркениетсіз көзқарас біздің табиғатымызға, бірегей табиғи объектілерімізге кері ықпалын тигізеді. Барлығымыз бұған сан рет көз жеткіздік. Сондықтан экологиялық, ұйымдастырылған туризмді дамыту қажет. Ал Қазақстанда экотуризмнің әлеуеті зор», - деді министр ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Мағзұм Мырзағалиевтың Мемлекет басшысының ел ішіндегі экологиялық туризм мәдениетін белсенді дамытудың маңыздылығын атап өткенін еске салды. Жұмыс басталып та кеткен. Қазіргі уақытта Қазақстанда 13 ұлттық парк бар.

2019 жылы келушілер саны 1,5 млн адамға жеткен. Бүгінгі күні ұлттық парктерде көлік үшін жабдықталған тұрақтар, кемпингтер, жаңа санитарлық кабиналар мүлде жеткіліксіз.

«Біз халықаралық тәжірибені есепке ала отырып, негізгі назарды маршруттар мен соқпақтарды дамытуға және жабдықтауға аударамыз. Заманға сай визит-орталықтар, медициналық пункттер, кемпингтер, этно-ауылдар құрылады. Осыған байланысты, тиісті мастер-жоспарлар әзірленуде. Ол шаруалар жұртшылықпен талқылануда. Қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында ұлттық парктер жанында Қоғамдық кеңестер құрылды. Алматы тобының Ұлттық парктерінде: Іле Алатауы, Шарын, «Алтын Емел» және «Көлсай көлдерінде» экотуризмді дамыту концепциялары әзірленіп, олардың презентациялары өткізілді», - деді ол.

Министр одан басқа қалған барлық ұлттық паркте экотуризмді дамыту бойынша тиісті концепциялар әзірленіп жатқанын баян етті.

«Министрлік Біріккен Ұлттар ұйымының даму бағдарламасымен бірлесіп ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың туристік маршруттарға және экологиялық жолдарға рекреациялық жүктемені анықтау жөнінде әдістемелік ұсынымдар әзірлеп жатыр. Жалпы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда экологиялық туризмнің дамуы, ең бастысы, ел азаматтарының табиғатты қорғауға, туристтерге қауіпсіз және қолайлы жағдай жасауға, жергілікті тұрғындарды қызмет көрсету саласындағы жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Соңғы жаңалықтар