Ұлттық Паралимпиада Комитеті 4 жылдық нәтижелерін қорытындылады
2019 жылғы 28 қараша 22:40

Ұлттық Паралимпиада Комитеті 4 жылдық нәтижелерін қорытындылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2019 жылғы 28 қарашада ҚР Ұлттық Паралимпиадалық Комитеті Конференция отырысында 4 жыл ішінде атқарған жұмыстарын қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР ҰПК Президенті Қайрат Боранбаев еліміздегі паралимпиадалық қозғалыс спорт федерацияларының қолдауымен дұрыс бағытта дамып келе жатқанын айтты.

«Осы күнге дейін жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Халықаралық паралимпиада комитетімен тұрақты жұмыс жасалып жатыр, әрі мүмкіндігі шектеулі жандардың да сеніміне кірдік. Сонымен қатар аталмыш кезеңде демеушілердің көмегімен спортшыларымыз жаттығатын Паралимпиадалық жаттығу орталығы және «Тарлан» мұзайдыны ашылды. Үкімет тарапынан да жақсы қолдау бар, соның арқасында біз заңнамалық деңгейде оң өзгерістерге қол жеткізудеміз. Үкімет мүшелерімен, депутаттармен бірлесіп паралимпиадашыларға қатысты заң жобасына өзгертулер дайындадық. Жақында олар қабылданады деген үміттеміз», - деді ҰПК Президенті Қайрат Боранбаев.

ҰПК атқарушы директоры Ерлан Сүлейменов Ұлттық паралимпиадалық құраманың жағдайы, спорттық нәтижелермен Қазақстанда өткен ірі халықаралық турнирлер туралы баяндады.

«Бүгінгі біздің негізгі міндетіміз - алдағы 2020 жылы Токиода (Жапония) өтетін жазғы Паралимпиада ойындарына дайындалу. Біздің атлеттеріміз параспорттың 11 түрінен: пара жеңіл атлетика, пара жүзу, пара дзюдо, пара пауэрлифтинг, пара таэквондо, волейболды отырып ойнау, пара садақпен оқ ату, пара нөлдік ату, пара үстел теннисі, пара ат спорты, пара каноэдан қатысады деп жоспарланып отыр. Сондықтан біздің спортшыларымыз келесі жылдың басынан бастап мемлекеттік тапсырыс аясында ұлттық құрама командалардың паралимпиадалық спорт түрлерінен даярлауды бастаймыз. Бұл - құрама командалардың нәтижелеріне оң әсер ететін жауапты, маңызды факт», - деді Ерлан Сүлейменов.

Сонымен қатар отырыста ҰПК Жарғысына өзгерістер енгізілді. Комитеттің жұмысын нығайту үшін біз Берік Имашев пен Бақыт Сапаров сияқты тәжірибелі менеджерлерді командамызға шақырдық. Берік Имашев – Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы, сонымен қатар Қазақстан ат спорты федерациясының президенті және ҚР Ұлттық Олимпиада Комитетінің мүшесі.

Бақыт Сапаров бұған дейін «Нұр Отан» партиясының елордалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған. Конференцияның бірауызды шешімімен кандидаттар мақұлданды. Сондай-ақ 2016 жылдан бастап ҰПК Бас хатшысы қызметін атқарған Диас Сүлейменов ҰПК-ның халықаралық қатынастар жөніндегі вице-президенті болып сайланды. Бас хатшы лауазымына Ерлан Сүлейменов тағайындалды (бұған дейін атқарушы директор).

Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов Ұлттық паралимпиада комитетінің басшылығына атқарған жұмыс үшін алғыс білдіріп, келесі жылы жемісті нәтижелерге қол жеткізуді тіледі. Сонымен қатар іс-шараға ҚР ҰОК Бас хатшысы Сакен Мұсайбеков, ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев және барлық республикалық спорт федерациялардың басшылары қатысты.

Jańalyqtar

MURAǴAT