Ұлттық орталық инфекция қоздырғышынан қорғану жолын түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының орынбасары Руслан Сатывалдеев вакцинацияға келмейтін тұрғындар туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бала кезінде алған екпелер өмір бойына инфекцияларға қарсы иммунитеттің негізін қалыптастырады. Бүгінгі таңда вакцинация - заманауи медицинадағы үздік жетістіктердің бірі. Қазақстанда вакцинация жүргізудің нәтижесінде табиғи шешек ауруы толығымен жойылғаны осыған дәлел, полиомиелитті жою бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр, сондай-ақ қызамық пен дифтерия соңғы рет 2010 жылы тіркелген, одан кейін Қазақстанда мұндай аурулар әлі тіркелмеді», - деді орталық өкілі.

1998 жылы міндетті вакцинациялаудың қатарына вирустық В гепатитіне қарсы екпе егу енгізілген болатын. Міндетті вакцинациялау енгізілгенге дейін жылына тұрғындар арасындағы сырқаттанудың шамамен 4 мыңға жуық жағдайы есептелген, қазіргі уақытта тек ересектердің арасындағы бұл көрсеткіш 200 есеге дейін төмендеді, ал балалар арасында сырқаттану жағдайы тіркелмейді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бағалауы бойынша, иммундау жыл сайын 2-ден 3 миллионға дейін өлім жағдайларының алдын алуға мүмкіндік береді.

«Бірақ, бұған қарамастан, кейбір тұрғындар жалпы профилактикалық шаралармен амалданып, өздерін және балаларын вакцинациялау қажеттілігіне күмәнмен қарайды. Қазақстанда вакцинациямен қамтылудың үлкен көлеміне қарамастан, түрлі себептермен вакцинацияға келмейтін халықтың бөлігі бар, бұл инфекциялық аурулардың таралуына әкеліп соғуы мүмкін. Дене шынықтыру, спорт, дұрыс тамақтану және т.б. иммунитетті көтеретіні анық, бірақ спецификалық инфекция қоздырғышынан үнемі қорғай алмайды. Мысалы, қызылша ауруының қоздырғышымен кездескен кезде екпе салынбаған адамның 95%-ы сырқаттануы мүмкін», - деді маман.

Оның айтуынша, кейбір вакциналар белгілі уақыттан кейін нығайтушы екпелерді қажет ететінін айта кету керек, өйткені уақыт өткен сайын иммунитет әлсірейді және қорғаныс қабілеті жеткіліксіз болады. Мысалы, дифтерия және сіреспеге қарсы екпелер 16 жастан бастап әр 10 жыл сайын алпыс жасқа дейін қайталанып салынады. Әрбір қауым мүшесі вакцина сала отырып, инфекциялардан өзін ғана емес өзгелерді де қорғайтынын түсінуі қажет. Ата-аналар өз балаларына жауапты, бұдан бөлек басқа да жауапкершілікті ұмытпаулары қажет - екпе салынбаған бала басқа балаларға қауіп төндіруі мүмкін.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин Қазақстанда қызылшаға қарсы вакцинациядан бас тарту осы ауруға шалдығуға ықтималдылықты үш есе өсіретінін айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар