Ұлттық өнерімізді ұлықтайтын жаңа тележобаның түсірілімі басталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Qazaqstan» телеарнасы дәстүрлі ән-күйлерімізді насихаттайтын жаңа ұлттық жобаны - «Інжу-маржан» телебағдарламасын қолға алды. Бүгін «Қазмедиа» орталығында жобаның алғашқы түсірілімі басталды. Оның маңызы мен мақсаты туралы Телерадиокорпорацияның төрағасы Ерлан Қарин айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  

Атап өтілгендей, жаңа телевизиялық жобаның мақсаты - төл өнеріміз - дәстүрлі ән, жыр-термелер мен күйлерді насихаттау, оны болашақ ұрпаққа рухани-мәдени мұра ретінде сақтау, ұлттық өнерді дәріптеу.

Бүгін «Қазмедиа» орталығында басталған алғашқы түсірілім жұмысына ұлттық музыкаға еңбек сіңіріп жүрген белгілі тұлғалар Секен Тұрысбеков пен Сәуле Жанпейісова қатысты. Алдағы уақытта жобаға Қажыбек Бекбосынов, Біләл Ысқақов, Рамазан Стамғазиев сынды өзге де дәстүрлі әншілер мен күйшілер шақырылып, олар қалың көрерменге өнерлерін тарту етпек.

Айта кетейік, «Інжу-маржан» телебағдарламасына танымал тұлғалар ғана емес, дәстүрлі музыканы жанына серік еткен Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі азаматтар қатысатын болады.

Жоба қанша уақыт түсірілетіні және оның көрерменге қашан жол тартатыны әзірге белгісіз.

«Ұлттық өнерді дәріптейтін көптеген телевизиялық жобалар бар, соның бірі өткен жылы басталған «Мен қазақпын» жобасы. Ал бүгінгі жобаның жөні бөлек, біз бұған ұзақ дайындалдық. Еліміздегі дәстүрлі әншілер, жыршы-термешілер мен күйшілердің басын Ұлттық арнада тоғыстырудамыз. Бағдарламаға еліміздің барлық өңірінен дәстүрлі өнерді айтып қана қоймай, оны бүгінгі ұрпаққа тұтастай жеткізуші өнерпаздарды шақырдық. Қазір алғашқы түсірілім жұмыстары басталды. Көрерменге қашан жол тартатыны кейін белгілі болады», - деді «Qazaqstan» телерадиокорпорациясының төрағасы Ерлан Қарин.

Оның айтуынша, аталған жобаны қолға алудағы тағы бір мақсат - ұлттық арнада дәстүрлі шығармалардың архивтік видеоқорын жинақтау. 

Ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, «Інжу-маржан» ұлттық жобасы көрермендердің эстетикалық талғамы мен дүниетанымының дамуына өз үлесін қоспақ. 

Соңғы жаңалықтар