Ұлттық музейде «Қазақстан тарихы» залы қайта жаңғыртылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- Елордадағы еліміздің Ұлттық музейінде қайта жаңғыртылған ХІІІ-ХХ ғасырлар аралығындағы Қазақстан тарихы залының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл зал 2014 жылы ашылды, араға 6 жылды салып қайта жаңғыртудан өтіп отыр. Келушілердің қазақтың орта, жаңа және қазіргі замандағы тарихымен танысу мүмкіндігі бар. Одан бөлек, ХІІІ-ХХ ғасырлар аралығында өмір сүрген ұлы тұлғалардың өмірі мен қызметі, шығармашылығынан сыр шертетін құнды жәдігерлер қойылған. Жалпы экспозициялық зал бірнеше тақырыптық бөлімнен тұрады. Олардың ішінде өте құнды жәдігерлер де бар. Атап айтқанда, Төле би, Қазыбек би және Абылай ханның шапаны, сол тұлғалар қолданған мөрлердің көшірмесі, сонымен қатар қару-жарақтарды ерекшелеуге болады» - деді ҚР Ұлттық музейі «Қазақстан тарихы» бөлімінің аға ғылыми қызметкері Сырым Хасенов.

Оның айтуынша, аталған залда 300-ден астам жәдігер қойылған.

«Залды қайта жаңғырту жұмысына музей және сала мамандары тартылды, сондай-ақ білікті тарихшылармен кеңес өткізілді. Жаңалау жұмысы 1 жылға жуық уақыт жұмсалып, бүгін міне мереке қарсаңында көпшілік назарына салтанатты түрде ашып отырмыз», - деді ол.

Айта кетсек, Ұлттық музейде ХІІІ-ХХ ғасырлардағы «Қазақстан тарихы» залының салтанатты ашылу іс-шарасы Абайдың 175 жылдығы, Әбу Насыр әл-Фарабидың 1150 жылдығы, Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 75 жылдығы және Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылып отыр.


Соңғы жаңалықтар