«Ұлттық музей Қазақстанның мақтанышына айналды» - баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 3 желтоқсан, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінде «Қазақстан - Түрікменстан: Сенімді стратегиялық серіктестік» деген мақала жарық көрді. Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Түрікменстан астанасы - Ашғабадқа келді. Сапар барысында екiжақты әрiптестiктiң маңызды қырлары, әсiресе, сауда-экономикалық, көлiктiк және аймақтық қарым-қатынастар мәселелері талқыланды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердымұхамедовтің кездесуі барысында екі мемлекет арасындағы достық пен әрiптестiктi одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретін байланыстар жайы әңгіме өзегіне айналды.

Қазақстан-Түрікменстан қарым-қатынастарының негізгі тіні - сауда-экономикалық ықпалдастық. Осы саладағы бірлескен ірі жобаларды жүзеге асыру, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізу - қос тараптың назарында тұр. Әлем экономикасында байқалған жағымсыз үрдістерге қарамастан, қос мемлекеттің тауар айналымында ілгерілеушілік, едәуір өсім байқалады. Бұған өзара тауар айналымының қарқын алуы дәлел. Мәселен, 2013 жылғы көрсеткіш бойынша өзара тауар айналымының көлемі 393 млн. АҚШ долларын құрады. 2012 жылы бұл көрсеткіш 311 млн. АҚШ доллары болған еді. Ал 2014 жылдың 9 айында өзара тауар айналымы 407,9 млн. АҚШ долларына жеткен, бұл - салыстырмалы түрде алғанда, 2013 жылдың осы мерзіміндегі көрсеткіштен 23 пайызға артық. Себебі, өткен жылдың 9 айында өзара тауар айналымы 331 млн. АҚШ долларын құраған-тын.

Осы басылымда «Шырағың сөнбесін!» атты мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Талдықорған қаласында тұратын 5 жасар Нұрәли Есімұлының көру қабілеті пайда бола бастады. Тарқата айтар болсақ, дүниге ай-күні толмай келген Нұрәлидің көзі көруден қалады. Отандық мамандар ата-анасына нәрестенің жанарын қалпына келтіру үшін шетелде күрделі ота жасату қажеттігін айтып, кеңес береді. Бірақ сырт елге баруға олардың қаржылай мүмкіндігі бола қоймайды. Дәл сол қарсаңда Мемлекет басшысы осы отбасының басына түскен ауыртпалықты мерзімді басылымдардың бірінен біліп, облыстық әкімдікке оларға көмектесу жөнінде тапсырма береді. Бұл жайт 2011 жылы болған. Сол кезде кішкентай Нұрәли өздігінен отырып, жүре алмайды екен. Сондықтан оны анасы үнемі қолынан тастамай көтеріп жүреді. Кейіннен, яғни Елбасы қолдау білдіргеннен соң бүлдіршінге Ресей ғалымдарына көрінуге жол ашылады. Ол жақта Нұрәлиге барлық жағдай жасалып, қажетінше ем қабылдайды. Көз жанарына 4 бірдей ота жасалады. Соның нәтижесінде қазір сәби ақ пен қараны айырып, көзі ептеп көре бастаған.

***

«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Есеп айырысу: доллар ма, әлде...» деген тақырыппен мақала берілген. «Алдағы уақытта Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) кіретін (Ресей, Қазақстан, Беларус, Армения) мемлекеттер мемлекетаралық сауда-саттық операцияларын тек ұлттық валютамен (рубль, тенге, драм, беларус рублі) ғана жүргізуі мүмкін. Осылайша біз доллар мен еуроның қысымынан құтыла аламыз» дейді Ресей Ұлттық төлем кеңесі директорлар кеңесінің төрағасы Александр Мурычев. Бірақ доллар мен еуроны қысқа уақытта ЕАЭО-ның кеңістігінен ысырып шығару мүмкін бе, тиімділігі қандай?

«Ол үшін әрине, көптеген техникалық, инфроқұрылымдық, экономикалық мәселелер шешілуі тиіс. Қысқасы, база даярлануы керек. Ол бірер жылдың көлемінде жүзеге аса қоюы екіталай. Өйткені ЕАЭО-қа мүше елдердің ішінде әлі көптеген дүниелер нақтыланып, бір ізге түсірілген жоқ. Алда талқыланатын мәселе көп екені белгілі. Сарапшылар «Ресей әлі де ірі-ірі келісімдерді доллар және еуромен жасауда. Қысқасы, сыртқы сауда-саттық есеп айырысулардың 80 пайызы осы валюталар арқылы жүзеге асуда» деседі. Ал Кедендік одақ мемлекеттерінің ішкі есеп айырысулары қандай валютамен жүзеге асып келген дегенге келсек, ұйым мүшелерінің 2013 жылғы тауар айналымы 64,1 млрд доллар құраған екен. Ал сыртқы елдермен 930,1 миллиард доллар болыпты. Оның 50 пайызы рубль, 40 пайызы доллар, 8-9 пайызы еуро, ал қалған 1 пайызы өзге валюталармен жүзеге асыпты», - деп жазады мақала авторы.

Осы газетте Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбайдың мақаласы жарияланды. «Ал мақсатты шындыққа айналдыру үшін, біріншіден, Ұлттық музей халқы­мыздың тереңнен тартылып, мыңжылдыққа ұласқан кемел тарихын бір орталыққа жинау міндеті тұр. Қазақ халқының ұлы тарихына қатысты жәдігерлерді, тарихи мұраларды түгелдеп, ғылыми мәнін аша түсу керек. Музейдің құнын көтеріп, мәртебесін арттыратын - экспонаттар екені дау­сыз. Олай болса, өткен күнімізден белгі беретін тарихи мәні мен маңызы зор мұралар музей төрінен орын алуы тиіс, солай жасалып та жатыр. Бұл жолда қомақты істер жасалғанын музейге келушілер аңғарары ақиқат», - деп жазады Д. Мыңбай. Бұл мақала «Ұлттық музей Қазақстанның мақтанышына айналды» деген тақырыппен берілген.

***

«Экспресс-К» басылымында «Зверь и изверг» деген материал басылды. Солтүстік Қазақстан облысында жануарларға қатысты қатыгездік әрекеті үшін азаматқа қылмыстық іс қозғалды. Балалардың көзінше күшікті өлтірген қаныпезерге 222 мың теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Қазіргі кезде жануарды өлтіру фактісі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

Соңғы жаңалықтар