Ұлттық құрылтай институционалды алаңға айналады - Саясат Нұрбек
2022 жылғы 21 сәуір 18:30

Ұлттық құрылтай институционалды алаңға айналады - Саясат Нұрбек

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық құрылтай бұл негізгі өкілеттік функциясын жүзеге асыратын институционалды алаңға айналады. Бұл туралы «Ұлттық құрылтай – қоғамдық диалогтың жаңа моделі» атты «Sarap» эксперттік клубының отырысында Мәжіліс депутаты Саясат Нұрбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында нақты ұсыныстар жасады. Соңғы 10 жылда саяси жүйенің сезгіштігін жоғалтып алдық. Екіншіден, саяси жүйенің тепе-теңдігінен айырылдық. Сондықтан халықпен тікелей жұмыс істейтін, яғни мәслихаттар мен Парламент Мәжілісі екені түсінікті. Бірақ бұл функция әлсіреп кеткеннен кейін, оның орнына осындай бірнеше орган жасауға тура келді. Билік оны 10 жылда сезінді, біз халықпен тікелей байланысты жоғалтып жатырмыз. Бұл ретте мемлекеттік органның жанынан қоғамдық кеңестер пайда болды. Президент 2019 жылы келгенде осының бәрін жақсы түсінді, яғни «халықтың үнін қалай естимін» деген қағидатқа екпін қойды. Мемлекеттік органдар баяндамалар жазғанда – бұл мәліметтер бірнеше сүзгіден өткізіледі. Осының бәрін назарға алып, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды», - деді С. Нұрбек.

Осы орайда ол Ұлттық кеңес осы уақыт ішінде өзінің рөлін атқара алғанын атап өтті.

«Үш жыл бойы жұмыс істедік. Біздің сол кездегі негізгі қызметіміз Президентке түрлі әлеуметтік топтардың үнін таза жеткізу болды. Сол жеткізілген ақпараттарға, халықтың көкейінде жүрген сұрақтар мен талаптарға керекті жауап қайтару назарға алынды», - деді депутат.

«Енді Ұлттық құрылтай неліктен әлі күнге дейін қажет ? Жолдауда үш мәселе айтылды. Біріншіден, құрылтай қоғамдық кері байланыстың институционалдық алаңы болады. Ол бүкіл құрылған қоғамдық кеңестерді біріктіретін, бір жерге жинақтайтын біркелкі билікпен, Президенпен халықтың арасындағы байланыс. Екіншіден, оның құрамына депутаттар да, түрлі саланың өкілдері де кіруі керек. Осы орайда бүкіл Қазақстанның атынан сөйлей алатын орган болуы маңызды. Менің ойымша, бұл уақытша орган болуы керек. Себебі, негізгі институционалды өзгеріс - ол заң шығарушы өкілетті биліктің өзін қалпына келтіру. Халықтың үні, халықтың өкілеті, Конституциямыз бекіткен функциясы – ол мәслихаттар, Мәжіліс арқылы берілуі керек. Бірақ оны бір күнде жасай алмаймыз. Әлі де Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізу қажет және тағы 20-дан астам заң қабылдау керек. Парламент Мәжілісінің алдында ауқымды жұмыс тұр. Осы уақытта Ұлттық құрылтай бұл негізгі өкілеттік функциясын жүзеге асыратын институционалды алаңға айналмақ», - деді Саясат Нұрбек.

Еске сала кетейік, биыл наурыз айындағы Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрылтай құруды ұсынды.



Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT