Ұлттық құрама үшін барымызды саламыз - Александр Бублик

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшысы Александр Бублик Дэвис кубогы топтық кезеңі алдында өз ой-толғамын бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Қазақстан ойнайтын D тобына өте мықты командалар түскен.

«Финалдық кезеңде өнер көрсететін 16 құраманың қай-қайсысы да осал емес. Біздің күшті топқа түскеніміз, бір жағынан, жақсы. Өйткені мұқиятырақ боламыз, намысты қолдан бермесіміз анық. Теннисте фавориттер әдетте жеңіске жетеді. Алайда Дэвис кубогының өз ерекшелігі бар, мұнда бәрі рейтингке байланысты емес. Біз ұлттық құрамаға әрдайым жеңіс үшін келеміз. Сондықтан Нидерланд, АҚШ және Ұлыбританиямен өтетін матчтарда барымызды саламыз», деді А.Бублик.

Қарсылас командалар құрамында бірқатар өзгерістер болды: US Open турнирінің жартылай финалисі Фрэнсис Тиафо АҚШ-қа көмектесе алмайды.

Сондай-ақ нидерландылық, US Open жарысының жұптық сындағы финалисі Уэсли Кольхоф та қатыспайды.

Қазақстан бірінші кездесуін Нидерландпен 13 қыркүйек күні өткізеді. Матч елорда уақытымен сағат 21.00-де басталады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан құрамасының Дэвис кубогына дайындықты бастағанын, поляк теннисшісінің алғаш рет US Open турнирінің жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар