Ұлттық қорықта аңшылық жасаған браконьерлер ұсталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысындағы «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи қорығының Бұланды орман шаруашылығы аумағында полиция қызметкерлері мен орманшылар бірлесіп браконьерлерді ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мəліметі бойынша, заңсыз аңшылықпен айналысқан күдіктілер Біржан сал ауданының үш тұрғыны екені анықталды. Тексеру кезінде күдіктілердің мылтыққа рұқсаты жəне аңшылық билеті болмай шықты.

«Қазіргі кезде, осы оқиғаға байланысты ҚР ҚК 337 бабының 4 бөлігі (заңсыз аңшылық) бойынша із қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оған қоса, мылтық пен еліктің еті тәркіленді. Қоршаған ортаға келтірілген шығын көлемі 1,8 миллион теңгеге бағаланып отыр», деп көрсетілген хабарламда.

Аталмыш санкция бойынша күдіктілерге ірі көлемде айыппұл салынуы немесе 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Жалпы, жыл басынан бері Ақмола облысында заңсыз аңшылықпен айналысу әрекеті бойынша 8 оқиға тіркелді.

Соңғы жаңалықтар