Ұлттық қорға жыл басынан бері 3,4 трлн теңге түсті

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мұнай бағасының едәуір өсуінен Ұлттық қорға түсімдер көбейді. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы, халықаралық резервтер биылғы шілденің соңында 85,9 млрд доллар, оның ішінде ҚР Ұлттық банкінің алтын-валюта активтері – 32,8 млрд доллар, Ұлттық қордың активтері – 53,1 млрд доллар болды. Республикалық бюджетке 3 трлн теңге трансферт бөлу үшін биылғы 7 айда Ұлттық қордың валюталық активтері 3,3 млрд долларға сатылды. Мұнай бағасының едәуір өсуінен Ұлттық қорға түсімдер жыл басынан бері шамамен 3,5 есеге ұлғайып, 3,4 трлн теңге болды», - деді Ақылжан Баймағамбетов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Оның айтуынша, Ұлттық қордың орташа жылдық кірісі құрылғаннан бастап биылғы шілдеге дейін – 3,17%, соңғы 5 және 10 жылда тиісінше, 1,70% және 1,67%.

Айта кетейік, биылғы шілдеде жылдық инфляция 15%-ға дейін өсті, оған азық-түлік бағасының өсуі ең көп үлес қосты.

Шілде айында теңгенің долларға қатысты бағамы 477,07 теңгеге дейін 1,5%-ға әлсіреген.

Сондай-ақ, биылғы 6 айда халықтың қолма-қол ақшасыз операциялары 44,4 трлн теңгеге жетті немесе 48%-ке өскен.

Соңғы жаңалықтар