Ұлттық қорға түсімдер қанша көлемде ұлғаятыны нақтыланды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылы мұнай өндіру көлемі 87 млн тоннаны құрайды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жалпы отырыс барысында палата депутаттары «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылауда.

«2018 жылы қаңтар-наурызда экономиканың өсімі 4,1 пайызды құрады. Биыл мұнайдың болжамды бағасы бір барреліне 45 АҚШ долларынан 55 долларына дейін ұлғайды. Металлдардың баға индексі 0,4 пайызға артты. 2017 жылы нақтыланған базаны есепке ала отырып, 2018 жылы номиналды жалпы ішкі өнім 57,2 трлн теңге көлемінде болжанады. Ол тамызда мақұлданған көрсеткіштен 1,3 трлн теңгеге артық. Нақты жалпы ішкі өнімнің өсуі 3,8 пайызға көтеріледі. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 9 200 АҚШ долларына дейін ұлғаяды. Өнеркәсіптің өсуі 3,3 пайызға артуымен қайта қарастырылды. Бұл өңдеу өнеркәсібінен күтілетін аса жоғары өсімімен байланысты», -деп тоқталды министр.

Энергетика министрлігінің болжамдары бойынша 2018 жылы мұнай өндіру көлемі 87 млн тоннаны құрайды. Мұнайдың әлемдік бағаларының ұлғаюын және экономиканың өсімін ескере отырып, экспорт 54 млрд АҚШ долларына дейін, ал импорт 34 млрд долларға дейін артады.

«Инфляция бекітілген 5-7 пайыз дәлізінде сақталады. Түзетілген макроболжам негізінде 2018 жылға арналған республикалық бюджет параметрлерінің болжамы нақтыланды. Кірістер трансферттерді есепке алмағанда 2018 жылы 5,7 трлн теңге көлемінде бағаланады, бұл бекітілген жоспарға қарағанда 190 млрд теңгеге жоғары. Кірістер бойынша негізгі ұлғаю пайдалы қазбаларды өндіруге арналған салықтан және шикі мұнайға экспорттық кеден бажының түсімдерінен қамтамасыз етіледі», - деді Т. Сүлейменов.

Оның сөзіне қарағанда, Ұлттық қорға түсімдер болжам бойынша 546 млрд теңгеге ұлғаяды, 2018 жылдың аяғында 2,6 трлн теңгені құрайды. Нәтижесінде, жыл соңында Ұлттық қордың валюталық активтері 58,3 млрд АҚШ доллары көлемінде болжанып отыр.

Соңғы жаңалықтар