Ұлттық қордың валюталық активтерінің көлемі 2 млрд долларға азайды

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ұлттық қордың валюталық активтерінің көлемі 2 млрд долларға азайды. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алдын ала деректерге сәйкес, маусымның қорытындысы бойынша Ұлттық қордың валюталық активтерінің көлемі өткен айда 2 млрд АҚШ долларына төмендеп, 51,9 млрд АҚШ долларын құрады»,- дейді Әлия Молдабекова .

Оның айтуынша, Ұлттық қор активтерінің төмендеуі акциялар бағасының айтарлықтай құлдырауына және АҚШ долларының нығаюына байланысты болды. Ұлттық қордың төмендеуіне Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттер бөлу де әсер етті.

«Сонымен қатар, маусым айында трансферттер көлемі 578 млрд теңге болды. Трансферттердің басым бөлігі Ұлттық қордың теңгедегі шотындағы қалдықтар, сондай-ақ қорға теңгедегі түсімдер есебінен бөлінді. Сондай-ақ ішкі валюта нарығында 438 млн АҚШ долларына активтер сатылды, бұл – 199 млрд теңгеге балама сома. Ұлттық қордан сату үлесі Қазақстан қор биржасындағы валюталық сауда-саттықтың жалпы көлемінің 20,7%-ын құрады»,- дейді банк өкілі.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары инфляцияның жеделдеуімен күресте орталық банктер соңғы 20 жылда мөлшерлемелерді ауқымды көтеруге көшкенін атап өтті.

«Жоғары геосаяси тәуекелдер мен федералды резервтік жүйенің (ФРЖ) инфляцияны төмендету үшін барынша агрессивті әрекет етуге дайын екендігін мәлімдеуі аясында өткен айдың қорытындысы бойынша акциялар нарығының айтарлықтай төмендеуі байқалады. Бұл ретте Ұлттық қордың ұзақ мерзімді кірістілігі құрылғаннан бастап жылдық мәнде 3,05% болды»,- деп түсіндірді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова.


Соңғы жаңалықтар