Ұлттық қордың валюта активтерінің көлемі қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова 2021 жылы Ұлттық қордың валюта активтерінің көлеміне әсер еткен факторлар туралы түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алдын ала деректер бойынша Ұлттық қордың валюталық активтері желтоқсан айында 404 млн АҚШ долларына артып, 2021 жылдың соңында 55,3 млрд АҚШ долларын құрады. Бірінші кезекте 2021 жылғы қарашада омикрон жаңа штамының анықталуына байланысты нарықтарда айтарлықтай түзетулер болғанын атап өту қажет. Алайда желтоқсанда нарыққа қатысушылар ауқымды локдаундар тәжірибесінен кету аясында барынша оптимистік көзқараста болды. Нәтижесінде, желтоқсанның қорытындысы бойынша қаржы нарықтарында қалпына келу байқалды», - деді Ә. Молдабекова.

Оның айтуынша, Ұлттық қордың инвестициялық кірісі желтоқсанның қорытындысы бойынша оң болып, 916 млн АҚШ долларын құрады.

«Бұл ретте, өткен айда 368 млрд теңге көлемінде кепілдік берілген және нысаналы трансферттер бөлу мақсатында валюта нарығында 839 млн АҚШ доллары сомасына активтер сатылды. Жалпы, республикалық бюджетке трансферттерді алу аясында Ұлттық қордың активтері 2021 жылы 3,4 млрд АҚШ долларына төмендеді. Өткен жылы Ұлттық қордан 4,5 трлн теңгеге бюджетке трансферттер бөлуді қамтамасыз ету үшін 9,6 млрд АҚШ долларына валюталық активтер сатылды. Қорға шетел валютасында түсетін түсімдер бір жылда 3,9 млрд АҚШ долларын құрады», - деді ҰБ өкілі.


Соңғы жаңалықтар