Ұлттық қордан бөлінетін қаржы экономиканың тиісті салаларында құрылымдық реформалар жүргізумен сүйемелденеді - Е.Досаев

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ұлттық қордан бөлінетін инвестициялар экономиканың тиісті салаларында міндетті түрде құрылымдық реформалар жүргізумен сүйемелденеді. Бұл туралы бүгін Құрманғазы атындағы консерватория студенттерімен кездесуде ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев айтты.

«Ол үшін халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлескен жұмыс жүргізілетін болады. Мысалы, Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі, Еуропалық Қайта Құру және Даму банкі және Ислам даму банкі қазірдің өзінде-ақ алдағы 3 жылдағы 90 басым жобаға шамамен 9 миллиард доллар бөлуге дайын», - деді Е. Досаев.

Оның айтуынша, Жолдауда қаржыландырудың қажетті көлемдері мен көздері бар нақты жобалар айқындалған.

Бірінші қадамын Мемлекет басшысы ағымдағы жылғы ақпанда экономикалық өсуді қолдау және жұмыспен қамту үшін Ұлттық қордан 2014-2015 жылдары бір триллион теңге (6 млрд. $) бөлу туралы шешім қабылдаған кезде жасады.

Екінші қадам - бұл «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты, оны іске асыру үшін 2015 жылдан бастап 2017 жылдары аралығында Ұлттық қордан жыл сайын 3 миллиард доллар бөлінетін болады.

«Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты қандай болмақ? Біріншіден, Мемлекет басшысы атап өткендей, ол контрциклді болады. Қысқаша айтқанда, бұл экономикалық баяулау кезеңдерінде мемлекеттік шығыстарды өсіруді және жоғары экономикалық белсенділік кезеңдерінде мемлекеттік шығыстарды тежеуді білдіреді. Екіншіден, жаңа экономикалық саясат біздің экономикамыздағы құрылымдық реформаларды жалғастыруға бағытталатын болады. Бұл бәсекеге қабілеттілікті, өнімділікті арттыру, экономиканың құрылымын, оның жаңа тауарлар шығару мен қызметтер ұсыну қабілетін жақсартатынын білдіреді. Сондықтан Ұлттық қордың жаңа инвестициялары экономиканы одан әрі қайта жаңартуға бағытталады. Ең алдымен бұл - көлік, энергетика, индустриялық және әлеуметтік инфрақұрылымды, шағын және орта бизнесті дамыту»,- деді Е.Досаев.

Министр инфрақұрылымды дамыту ішкі сұраныстың өсуіне ықпал етіп, жаңа өндірістердің дамуына, бизнес пен халық үшін іскерлік байланыстар мен жаңа мүмкіндіктерді арттыруға, өңірлердің экономикалық интеграциясына қолайлы жағдай туғызатынын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар